Шаруаларға мемлекет тарапынан жеңілдіктер бар

1241

Оның жай-жапсарын атыраулық сенаторлар түсіндіруде.

Шаруаларға мемлекет тарапынан жеңілдіктер бар

Атырау облысына ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ғаділ Дүйсембаев пен Сағындық Лұқпанов жұмыс сапарымен келді. Сенаторлар Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірістік қызметімен, жоспарлы жөндеу нәтижелерімен, Tazalyq жобасының және кәсіпорынның басқа да қосалқы бизнес-жобаларымен танысып, зауыттың 2019 жылдан бастап "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ бастамасымен RLG International компаниясымен бірлесіп іске асырған "мінсіз өндіріс" жобасына ерекше назар аударды. Үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкес мұнай өнімдерін өндірудің операциялық тиімділігін арттыруға бағытталған жоба өндірісті қайта жаңартып, қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтардың азаюына, энергия ресурстарын пайдалану деңгейінің төмендеуіне септігі тиеді. Халық қалаулылары сапар барысында зауыттың жұмысшы-қызметкерлерімен кездесіп, әлеуметтік қамтылу мәселелерімен танысты.

Сондай-ақ, Ғ.Дүйсембаев пен С.Лұқпанов Атырау қаласындағы кәріздік сулардың булану алаңының және қалалық кәріздік тазарту жүйесінің құрылым жұмыстарымен де танысты. 2019 жылдың 17 қазанында Атырау облысы әкімдігі мен "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС арасындағы Атырау қаласының сол жағалауындағы "Сасық сай" булану алқабын қалпына келтіру жөніндегі Меморандумға қол қойылып, сонымен қатар нақты жұмыстары, орындау мерзімдері көрсетілген "Жол картасы" бекітілген болатын. Аталған буландыру алаңының жалпы көлемі 1 336,2 га болса, оның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытының балансындағы аумағы 860 гектар бөлігін 2020-2022 жылдың аяғына дейін қалпына келтіруді зауыт әкімшілігі өз міндетіне алған. Қалған мемлекетке қарасты 476 гектар бойынша қала әкімдігі жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, былтыр сараптаманың оң қорытындысы алынды. Оның жалпы құны 1 269,6 млн.теңгені құрайды. Бекітілген "Жол картасына" сәйкес құрылыс жұмыстарды бастап кету үшін қазіргі күні "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС жоба әзірлеуде. Сенат депутаттары құжаттармен танысып, ұйымдастыру жұмыстары жөнінде тиісті лауазым иелерімен пікірлесті.

Атырау қаласының оң жақ жағалау бөлігінде кәріз тазарту ғимаратын қайта жаңғырту үшін жобалау-сметалық құжаттаманы жасақтауға 139,4 млн.теңге қаржы қаралған. Қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Жобаланған кәріздік-тазарту құрылғысының қуаты тәулігіне 31,0 мың текше метр, оны алдағы уақытта 60,0 мың текше метрге дейін кеңейтуді қарастыру мүмкіндігі бар. Ал "Квадрат" буландыру алаңын тазалау жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, 2019 жылғы 28 қарашада №01-0485/19 мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Бұл жобалардың іске қосылуы экологиялық ахуал мен ауаның тазаруына септігін тигізеді.

Сондай-ақ, делегация Исатай ауданында болып, аудан орталығынан 35 шақырым жерде орналасқан Тұщықұдық ауылына қарасты Қызылүй елді мекеніне газ тарту мәселесін талқылады. Газ тартудың жобалық-сметалық құжаты жасақталып, сараптамадан өткен. Тартылуға тиісті газ құбырының жалпы ұзындығы - 47504,0 м. 2019 жылғы ағымдағы бағадағы құрылыстың жалпы сметалық құны - 826,759 млн.теңге. Құрылыстың ұзақтығы 5 айға жоспарланған. Алайда, қаржы қаралмауына байланысты жұмысы басталмай тұр. 

Қызылүй ауылында ауыл, соның ішінде, мал шаруашылығын дамытуға толық мүмкіндік бар. Тұрғындарымен кездесуде Сенат депутаты Ғ.Дүйсембаев осы бағыттағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, мал бордақылаумен айналысатын шаруагерлерге мемлекеттен бөлінетін көмек туралы баяндады. Осыған дейін мемлекеттен қолдау алу үшін шаруашылықта 2000 бас малы болу керек болса, салалық министрлік 5000 басқа дейін көтерген. Алайда атыраулық сенатор үкіметке депутаттық сауал жолдап, Атырау және Маңғыстау облыстарындағы жағдайды баяндап, осы облыстар үшін 500 басқа дейін азайтуды ұсынған. Себебі, орталық өңірлердегідей емес, мұнда жем-су тасымалданады, өңір табиғаты қатал. Осы жағдайлар қайткенде де ескерілуі тиіс. Ауыл шаруашылығына қатысты көкейкесті мәселелер, сонымен қатар, бұдан кейінгі Мақат және Қызылқоға аудандарына да ортаға салынып, заңдағы жаңа өзгерістер түсіндірілуде.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу