7 қарашада Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мемлекеттік инспекторлары Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы және Ұйғыр аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп рейд жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Рейд барысында "Шонжы – Көкпек – Алматы" автожолында күдік тудырған автокөлік тоқтатылған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, көліктегі азаматтардың 6 қарашада ұлттық парктің Темірлік аумағына жақын жерде заңсыз аңшылық жасауға қатысы болуы мүмкін.

Оқиға орнында қарақұйрыққа ұқсас 5 жануардың ұшасы табылды. Олардың нақты түрі мен жынысы сараптама нәтижесінде анықталады.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс тіркелді.
Қазіргі уақытта азаматтардың оқиғаға қатыстылығы мен барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.