Шавкат Рахмонов павлодарлық жас спортшылармен кездесті

Аралас жекпе-жек шебері кейінгі буынға ақыл-кеңесін айтты.  

Шавкат Рахмонов павлодарлық жас спортшылармен кездесті Фото: Валерий Бугаев

Жақында Лас-Вегас қаласында өткен UFC турнирінде жеңіске жеткен белгілі спортшы Павлодар облысы әкімдігінің арнайы шақыртуымен өңірге келіп, ізін басып келе жатқан жас балғындармен жүздесті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Алдымен облыс әкімі Асайын Байханов аралас жекпе-жек шеберін жеке қабылдап, әсерлі жеңісімен құттықтады. Халықаралық аренада ел намысын қорғау оңай емес екенін алға тартып, UFC чемпиондық белбеуін жеңіп алуын тіледі. Өз кезегінде Шавкат Рахмонов жанкүйерлерді алдағы уақытта да әлемдік алаңдарда жеңістерімен қуантуға тырысатынына уәде берді. 

Кейін белгілі спортшы "Баянтау" спорт сарайы мен Олимпиадалық резерв мектебінің тәрбиеленушілерімен кездесті. Жеткіншектер күллі әлем жұртшылығының назарын аудартқан шебермен жүзбе-жүз кездескеніне қуанышты екенін танытып, сұрақтар жаудырды. Ал Шавкат оларға ерік-жігер, физикалық және рухани күш-қуат, бастысы жақсы оқып, әрқашан білімдерін толықтыруларын тіледі.

"Жеңісіммен құттықтап, осындай сый-құрмет көрсетіп жатқандарыңызға алғысым шексіз. Көп жеткіншек жиналып, спортқа зор қызығушылық танытып отырғаны қуантты. Бұл - мен үшін қуаныш әрі абырой. Осы орайда кез келген жеңіске еңбекпен ғана жетуге болатынын ерекше атап өткім келеді", - деді спортшы. 

Аймақ басшысы Асайын Байханов та спортшымен пікір алмасудың қызықты болғанын атап өтті. 

"Жеңіліс көрмеген балуанды қазақ "жауырыны жерге тимеген батыр" дейді. Тек қана жеңіс тұғырынан көрініп жүрген дәл осындай баһадүр, UFC шоқ жұлдызы Шавкат Рахмонов павлодарлық жас спортшылармен кездесті. Шаршы алаңда ұтылуды білмейтін спортшының әңгімесін тыңдау маған да қызықты болды.
Сырт келбетінен қарапайым қазақтың баласын байқадым, сабырлы, бауырмал. Қол ұстасып амандасқанда нағыз чемпионның жұдырығын сезіндім.
Талмай еңбек етіп, ешқашан шегінуді білмейтін қажырлы қасиеті оны алдағы жеңістерге жетелейтіні сөзсіз. Өзіне сенімді, еңбегіне сенімді батыр әлі талай қарсыласты сан соқтыратыны анық. Тілекшіміз" - деді ол. 

Жас спортшылардан бұл кездесуден жігерленгенін жасырмады. Мұндай кездесу оларды да жеңістерге жетелеп, ынталандыратыны сөзсіз. 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу