Министрлік мәліметінше, күту аймақтарын жобалау кезінде олардың орналасуы, өткізу қабілеті, көлік ағындарының көлемі, сондай-ақ жер бедері мен климаттық жағдайлар ескеріледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Күту аймақтары үш негізгі блоктан тұрады:
- Тұрақ;
- Коммерциялық аймақ;
- Әкімшілік аймақтар.
Тұрақ бөлігінде жүк және жеңіл көліктер бөлек орналастырылады, ал тіркелу электронды кезек жүйесі мен мобильді қосымшалар арқылы жүргізіледі. Ең төменгі сыйымдылық 200 жүк көлігіне есептелуі тиіс.
Коммерциялық аймақта жүргізушілерге арналған сервистік нысандар қарастырылады, ал әкімшілік блокта операторлар мен қажет болған жағдайда мемлекеттік органдар орналасады.
Сонымен қатар барлық нысандар автоматтандырылған кіру-шығу бақылау жүйелерімен, мемлекеттік нөмірді тану технологиясымен және ақпараттық жүйелермен интеграциямен жабдықталуы тиіс. Қауіпсіздік, байланыс және интернет қолжетімділігі де міндетті талапқа айналады.
Жоба "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауға шығарылды.
Аталған жаңашылдық сервистік күту аймақтарының сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, көлік ағындарын тиімді басқаруға, сондай-ақ транзиттік тасымалдар кезінде қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл талаптар жаңа нысандарды салу кезінде де, қолданыстағы күту алаңдарын жаңғырту барысында да қолданылады.