Шенділер сот үкіміне қарсы шықпақ – кәсіпкер

592

Атырау әкімдігі өздері сенімгерлік басқаруға берген кәсіпкердің қоймасы мен жылыжайын тартып алмақ.

Шенділер сот үкіміне қарсы шықпақ – кәсіпкер Фото: ogem.kz

Билік өкілдерін тіпті соттың үкімі де қызықтырмайтын көрінеді. Бизнес иесі азып-тозған нысанды қалыпқа келтіруге 100 млн теңге жұмсадым, дейді. Енді 10 жыл уақыты өтпестен, қайтарып беруге қарсы. Кәсіпкер бүгін мұнайлы өңірге келген Антикор өкілдеріне мәселесін айтып, шағымданды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Кәсіпкер Дәурен Есенғалиев қала шетіндегі қойма мен жылыжайды 2021 жылы сенімгерлік басқаруға алған. Жұмысты бастай сала ұзақ уақыт қолданылмай тұрған жылыжайды қалыпқа келтіруге болмайтынын анықтайды. Ал қойманы қайта іске қосып, нысан айналасындағы инфрақұрылымды реттеуге 100 млн теңге жұмсапты. Табысқа енді кенелемін дегенде, шенділер оны кері қайтарып беруді талап еткен.

"2018 жылдан 2021 жылға дейін ішінің барлық коммуникациясы, жылыжайы, барлық жылу жүйесі, канализациясы, су түгелдей істен шыққан. Соның бәрін жеке кәсіпкер оңдап шықты. 100 млн-дай қаржы жұмсалды. Қараусыз қалған мезгілде ішіндегі барлық коммуникациясы суы, жылуы бәрі ішінде қалған, төгілмеген, соның кесірінен іштің бәрі апаттық жағдайға жеткен. Бүгінде оның ішіне адам кіруге болмайды", - дейді жеке кәсіпкердің заңгері Өмірзақ Оразов.

Жергілікті биліктен қысым көрдім деген кәсіпкер сотқа арыз берген. Сот нысанды бизнес иесіне қалдырыпты. Бірақ жауапты мекемелер үкімге пысқырмайды, деп отыр.

"Жоғары сотқа шейін бардық. Жоғары сот та қалалық сот та, бәрі де біздің пайдамызға, жасаған жұмысымыздың бәрін растап, дұрыс екенін айтып шешім шығарып берді. Әкімдік сол шешіммен келісті деп біз есеп жасадық. Әкімшілік тарапынан тағы да хат келді 23 қарашаға дейін кешенді босатыңдар деген", - дейді жеке кәсіпкердің заңгері Өмірзақ Оразов.  

Антикор өкілдерімен өткен жиында қалалық әкімдіктегілер де болды. Бірақ проблемаға қатысты сұраққа жауап бермей, тұра қашты. Артынша жазбаша мәлімет жолдады.

"Бұл жылыжай мен сақтау қоймасы кәсіпкер Есенғалиевке сенімгерлік басқаруға берілді. Мемлекеттік мүлік туралы заңға сәйкес, ол нысан қоғам игілігіне пайдаланылуы керек. Бірақ бизнес иесі әу баста келісімшартта болған міндеттерді орындамады. Ол жылыжай жарамсыз деп айтып, оны жөндеуден бас тартты. Біз әкімдік тарапынан тәуелсіз қараушы алып, жылыжайды тексердік. Мамандар жылыжай жөндеуге келмейді деген деректі жоққа шығарып отыр. Жылыжайдың қоғам игілігіне пайдаланылмай тұрғанын, халыққа жеңілдетілген бағамен өнім бермей тұрғанын, мемлекеттік мүліктің мақсатына сай пайдаланылмай тұрғанын ескеріп, әкімдікпен сенімгерлік басқару шартын бұзу мәселесі қаралуда. Қазіргі таңда сот алды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Талап-арыз әлі берілген жоқ", - деді Атырау қалалық қаржы бөлімінің басшысы Серік Демегенов.

Проблеманы түртіп алған агенттіктің превенция басшысы кәсіпкердің шағымын бақылауда ұстаймыз, деді. Ал Атыраудағы департамент басшысы бизнес иесін жеке қабылдамақ.

"Осы мәселе бойынша сұрақ бүгін туындап жатыр ғой. Біз өзіміздің жоба ретінде, Атамекен палатасымен, әкім орынбасарының қатысуымен, басқа уәкілетті органдардың қатысуымен оның шешімін табуға атсалысамыз", - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция басшысы Саян Ахмеджанов.

Жауапты органдағылар мәселесін шешіп берсе, кәсіпкер қойманы 2031 жылға дейін қолданады. Қазірдің өзінде онда өңірдегі 2 шаруаның өнімі сақтаулы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу