Шерәділ Бақтығұлов: Құрылтай сайлауы Қазақстандағы ауқымды саяси реформалардың түйініне айналады

481

Қазақстандағы жаңа саяси жүйе аясында өтетін Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы шетелдік сарапшылардың да назарын аударып отыр.

Шерәділ Бақтығұлов: Құрылтай сайлауы Қазақстандағы ауқымды саяси реформалардың түйініне айналады Фото: knu.kg

Қырғызстандық саясаттанушы Шерәділ Бақтығұловтың пікірінше, бұл сайлау кейінгі жылдары жүзеге асырылған ауқымды саяси реформалардың қорытынды кезеңі болмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Биыл 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауы Қазақстанның заң шығарушы билігі қызметіндегі жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Азаматтар алдағы бес жыл бойы заң қабылдап, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындауға қатысатын жаңа бір палаталы өкілді органның құрамын сайлайды.

Шерәділ Бақтығұлов 20 жылдан астам уақыт бойы Орталық Азия елдеріндегі мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру мәселелерімен, сондай-ақ даму саясаты мен халықаралық ынтымақтастықты талдаумен айналысып келеді. Оның бағалауынша, Қазақстан кейінгі жылдары бірқатар ауқымды саяси реформаны жүзеге асырды және алдағы сайлау сол өзгерістердің заңды қорытындысы болмақ.

"Кейінгі жылдары Қазақстан ауқымды саяси реформаларды жүзеге асыра бастады. Сол реформалардың түйіні 2026 жылы 23 тамызда өтетін парламент сайлауы болады. Бұл сайлаудың тарихи маңызы ерекше, өйткені бұл – мүлде жаңа саяси жүйе аясында өтетін алғашқы парламент сайлауы", – деді Шерәділ Бақтығұлов.

Сарапшының пікірінше, бұл жай ғана депутаттар құрамының ауысуы емес, елді басқару моделінің түбегейлі жаңғыруын білдіреді. Бір палаталы жүйе жағдайында Құрылтай депутаттары елдегі барлық заңды қабылдау бойынша ортақ әрі толық жауапкершілікке ие болады.

"Бұл – шын мәнінде тарихи оқиға. Өйткені әңгіме депутаттар құрамының ауысуы туралы емес, елді басқару жүйесінің түбегейлі қайта құрылуы туралы болып отыр. Бұл сайлау елдегі билік құрылымын өзгертеді. Оның үстіне, бір палаталы жүйе жағдайында Құрылтай депутаттары елдегі барлық заңды қабылдау үшін ортақ жауапкершілік арқалайды", – деп атап өтті ол.

Шерәділ Бақтығұловтың айтуынша, 2026 жылғы парламент сайлауының нәтижесі Қазақстанның саяси жүйесінің алдағы даму бағыты үшін маңызы зор.

"Осылайша, 2026 жылғы парламент сайлауының маңызы айрықша. Саяси жүйе түбегейлі өзгергеннен кейін, осы сайлаудың нәтижесі Қазақстандағы билік конфигурациясын және жаңа конституциялық жүйе аясындағы саяси күштердің арақатынасын тікелей айқындайды", – деп түйіндеді сарапшы.

Осылайша, қырғызстандық саясаттанушы алдағы парламент сайлауын кезекті электоралдық науқан ретінде ғана емес, Қазақстандағы мемлекеттік басқарудың жаңа моделінің одан ары дамуына ықпал ететін саяси трансформацияның ең маңызды кезеңі ретінде бағалайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу