Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасын тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы қалалық сот сараптамалары институтының қызметкері, психиатр маман сотта айыпталушы Шерхан Аймаханның қылмыс жасаған кездегі және одан кейінгі психикалық әрі психологиялық жай-күйіне байланысты сұрақтарға жауап берді.
"Сотталушы осындай психикалық бұзылыс белгілері бар бола тұра қылмыс жасаған кезде әрекетін қылмыс ретінде ұғына алған ба?", – деп сұрады адвокат Аянхан Омаров.
"Ұғына алған", – деді сот отырысына онлайн режимде қатысқан сарапшы.
"Қылмыс жасаған кезінде аффект жағдайында болмаған дейсіздер. Осыны түсіндіріңізші. Өйткені сотталушы "қылмысты аффект жағдайында жасадым" деп бірнеше рет айтып отыр", – деп нақтылады адвокат.
Сарапшы өзінің психиатр екенін және бұл сұраққа психолог жауап беретінін айтты.
Айта кету керек, бұған дейін сотта Нұрай мен анасы арасындағы хат оқылғанын жазғанбыз.