Шерзат ісіндегі басты күдікті: Мен ешкімді өлтірген жоқпын, бірақ ақталуға нақты дәлелім жоқ

Ол "Бір үлкен қателігім – намысқа беріліп, мойындағаным" деп отыр. 

Шерзат ісіндегі басты күдікті: Мен ешкімді өлтірген жоқпын, бірақ ақталуға нақты дәлелім жоқ Фото: zhogargy sot

Бүгінгі сот отырысында айыпталушы Шынасыл Абзал Шерзатты өлтірмегенін тағы да қайталады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сот процесіндегі басты күдіктінің бірі бүгін де өзінің бет-жүзін толық түсіруге рұқсат берді.

– Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовтың отбасынан толықтай кешірім сұрағым келеді. Қаза қайырлы болсын! Қайғыларыңызға ортақпын! Бұйрық болып тұр деп ойлаймын, барлығы – Алланың қалауы. Алдында жауабымда айтып өткенімдей, менің Шерзат Полатқа қолымның ұшы тиіп, оны өлтірген емеспін. Егер өлтірсем, басында-ақ мойындайтын едім. Мен істеген ісімнен қашатын адам емеспін. Жауабымда ақиқатты айттым, жауабымды не үшін өзгерткенімді түсіндірдім, – деді ол.

Сотталушы Шынасыл Абзал "Бір үлкен қателігім – намысқа беріліп, мойындағаным" дейді. Сондай-ақ, соттан жазасын өзгертуін сұрады.

– Мен жазадан қорықпаймын. Маған тиісті жаза беруіңізді, әділ шешім қабылдауыңызды сұраймын. ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабымен жаза тағайындауыңызды сұраймын.

БАҚ-та, интернетте мені жерден алып, жерге салып жатыр. "Байдың баласы", "Әкесі депутат, әкім" деп. Ешқандай да "аға-көкем" жоқ. Жалғыз анам бар, сонымен бірге тұрамын. Біз қылмыстық топ емеспіз. Сол жаққа ешқандай да дайындалып барған жоқпыз. Олай болады деп мен де ойлаған жоқпын. Шерзат Полатты өлтірген мен емес. Бірақ, нақты дәлелім жоқ. Сол үшін кім істегенін де айта алмаймын, – деп сөзін қорытындылады істегі басты күдікті.

Бұған дейін Шынасыл Абзалдан сотқа дейін 7 рет жауап алынғанын жазған едік. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу