Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Полаттың өліміне байланысты өтіп жатқан сот отырысында кәмелетке толмаған куәгер Алдияр Махметтің Қонаев қаласында өткен жабық соттағы бейнежазбасы көрсетілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сол жерде Шерзат Ахметке хабарласып, көмекке шақырады. Алайда таксиге мінген соң қайта хабарласып, мәселенің шешілгенін айтады. Дегенмен олар бәрібір жолға шығып, "Қамажай" дүкені маңында түседі.
– Сол жерде бірнеше адам тұрған. Кейін Hyundai Accent көлігімен үш ішімдік ішкен жігіт келді. Артынан Mercedes көлігінен бес ер адам мен екі әйел шықты. Ішіндегі Абзал деген адам ағамнан "қайсың менің бауырымды ұрдың?" деп сұрады. Ағам "біз емес, анау ағасы" деп көрсеткен кезде, оны ұрып, басын қабырғаға соқтырды. Ол есінен танып қалды. Тағы бір балаға шабуыл жасалды, бірақ оған дарымады, – деді Алдияр.
Куәгердің айтуынша, сол сәтте бірнеше адам пышақ шығарып, арттарынан қуады. Олар 350 метрге дейін жүгіріп, зорға қашып құтылған.
– Біз төменге түскенде үш ер адам пышақпен артынан қуды. Шамамен 50 метр қуды, – деп нақтылады ол.