Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта айыпталушы пышақтың кімде болғанын айтты

185

Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша айыпталушы Равиль Сакиев жауап берді. 

Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта айыпталушы пышақтың кімде болғанын айтты Фото: youtube.com/@SupcourtRK

Ол оқиға болған күнгі жағдайды егжей-тегжейлі баяндады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Сакиевтің айтуынша, 2024 жылы ол досы Нұрқияспен бірге Талдықорғандағы "Эйфория" мейрамханасына барған. Сол жерде бір күн бұрын танысқан Дана мен Эльмира есімді қыздарды шақырған. Біраз уақыттан соң оларға Абзал қосылып, кешке қарай Шыңғыс, Азамат, Азаматтың ағасы Нұрбол және Думан да мейрамханаға келген.

Сакиевтің айтуынша, мейрамхана жабылар кезде ол Эльмирамен бірге сыртқа шыққан. Қыздарды жеткізіп салмақ болып, барлығы Шыңғыстың көлігіне отырып, қала ішінде жүрген. Жолда "Қамажай" дүкенінің маңына тоқтаған.

- Мен дүкенге тоқтадық деп ойладым. Көліктен түскенімде жанжалдың басталғанын көрдім. Сол кезде Нұрқанат Ғайыпбаев жаныма келіп, "інім Шерзат сендердің біреулеріңді ұрыпты" деп Дарханды көрсетті. Мен ол адамды танымайтынымды, жанжалға қатысым жоқ екенін айттым, - деді Сакиев.

Оның сөзінше, дүкен маңындағы жанжал төбелеске ұласып, сол сәтте белгісіз жақтан мылтық атылған. Сакиев қараңғы жаққа жүгіріп, қолына бөтелке алғанын, Нұрқанаттың мылтықты қайта оқтап жатқанын көргенін айтты.

- "Мылтығыңды таста!" деп айқайладым. Ол тағы атты. Мен көліктің артына тығылып, бөтелке лақтырдым, бірақ тимеді. Кейін тағы оқтап жатқанын көріп, жүгіріп барып жармастым. Ол мылтықты тартып қалғанда мен құладым. Нұрқанатты екі-үш рет тептім. Бір әйел адамның айғайлағанын естіген соң, капюшонымды киіп, оқиға орнынан бірінші болып кеттім. Бір минуттан кейін басқалар да жүгіріп келіп, көлікке отырды. Сол кезде мылтықты Абзал мен Азаматтың алдына салғанын көрдім, – деді айыпталушы.

Сакиевтің сөзінше, кейін "777" дүкеніне тоқтағанда көліктен түспеген. Сол жерде Абзал оған "бір баланы пышақтап жібердім" деп айтқан. Кейін оның Нұрқанат екенін білген.

Келесі сот отырысы 2025 жылдың 21, 22 және 23 мамыр күндері сағат 10:00-де өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу