Шынасыл Абзалдың сот барысында оқиғаны бүкпесіз айтуға оқталғанын адвокат Әбенов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оған адвокат тарапынан "Сіз өзіңізге тағылған айыпты жартылай мойындаймын дедіңіз. Басында Шерзат туралы ештеңе айтпағансыз, 16-томнан бастап сіздің жауабыңызда "пышақты Шерзатқа мен сұғып алдым" деген сөзіңіз бар. Соған не айтасыз?" деген сұрақ қойылды.
– Құрметті сот, мойныма алған себебім, Талғар қаласында полиция басқармасында болған кезде тергеуші "бір адам істедім деп мойнына алмаса, топпен кетесіңдер. Қиын болады" деді. Сонымен бізді Қонаев қаласына алып кететін болды. Сонда газельдің ішінде Сакиев Равиль, Белғожаев Шыңғыс, Тоқтаубаев Азамат төртеуміз сөйлестік. Сол кезде Равиль "бір адам істеді, бір адам мойындасын" деді. Менде пышақ болғаннан кейін, "қылмыс жасап, жасырғандай болмайын" деп іштей ойландым да, мен мойныма ала салайын деп. Қонаевқа келген соң, бәріміздің басымыз қосылды. Сол кезде сөйлесіп үлгеріп қалдық. Сол кезде Тоқтаубаев Нұрбол айтты. "Абзал, сенде пышақ болды ғой" деп. Мен көп ойланған жоқпын, мен мойныма аламын Шерзатты дедім. Бірақ, Нұрқанаттың (Ғайыпбаев) жамбасына мен тыққан пышақты Шыңғыс мойнына алатын болды. Солай келістік. Тергеушіге де солай айттық, – деді ол.
Ал Нұрқанат Ғайыпбаевқа пышақ сұққанына өкінетінін, оны өлтіру мақсатында емес, мылтық атқанына ашуланғандықтан солай жасағанын жеткізді.
Бұған дейін Шерзаттың өліміне басты күдікті түрін көрсетуге қарсы болмағанын жазған едік.