Әлеуметтік желіде ақын Ербол Бықыбаевтың қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Тараз қаласында ақын Ербол Бықыбаевты қамауға алыпты. Қылмыстық Кодекстің 256-бабының екінші бөлігімен, яғни терроризмді насихаттау күдігі бойынша ұстап отыр", – деді заңгер Дәулетхан Ахметов.
Оның айтуынша, ақынның қамауға алынуына нақты қандай видео себеп болғаны белгісіз.
"Осы видеоға қатысты ма, жоқ па – белгісіз болып отыр. Бұл баптың жазасы өте ауыр. 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Бұл бапта бас бостандығынан шектеу жазасы қарастырылмаған", – деп атап өтті Дәулетхан Ахметов.
Редакция тілшісі осыған байланысты Жамбыл облыстық полиция департаментіне сұрау жіберді.
Айта кету керек, ақын Ербол Бықыбаевтың 16 жастағы Шерзат Полаттың қазасы туралы шығарған "Қарабет" өлеңі желіде тараған болатын.