Шетел валютасымен депозиттердің үлесі төмендеп келеді – Ерболат Досаев

708

Шетел валютасымен депозиттер 5,0%-ға кеміген. Нәтижесінде депозиттерді долларландыру 44,4%-ға дейін төмендеген.

Шетел валютасымен депозиттердің үлесі төмендеп келеді – Ерболат Досаев

Ұлттық банктің алтынвалюта резервтері 1 наурызда алдын ала деректер бойынша 29,2 млрд АҚШ доллары, Ұлттық қордың активтері 59,0 млрд АҚШ доллары болды. Жалпы халықаралық резервтер 88,2 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев үкімет отырысында айтты.

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы сондай-ақ 2019 жылғы қаңтарда депозиттер көлемінің 19,2 трлн теңгеге дейін 3,7%-ға өскенін атап өтті. Ұлттық валютамен депозиттер 11,9%-ға өсті.

"Көп жағдайда мұндай өсу "Цеснабанк" АҚ-ты қолдау бойынша іс-шараларды іске асыруға байланысты болды. Шетел валютасымен депозиттер 5,0%-ға төмендеді. Нәтижесінде, депозиттерді долларландыру 44,4%-ға дейін төмендеді", – деді ол.

Ерболат Досаев отырыс барысында кредит беру нарығының қалпына келіп жатқандығын айтты.

"2019 жылғы қаңтарда 898 млрд теңге сомаға жаңа кредиттер берілді, бұл өткен жылғы осындай кезеңнен 8,2%-ға көп. Кредиттік портфель 2019 жылғы қаңтардың соңында 12,5 трлн теңгені құрады", – деп түсініктеме берді бас банк басшысы.

Ол кәсіпорындарға теңгемен кредиттер бойынша мөлшерлеме 2018 жылдың басындағы 13,2%-дан 2019 жылғы қаңтарда 12,4%-ға дейін төмендегенін, қысқа мерзімді кредиттер бойынша мөлшерлеме 12,9%-дан 12,3%-ға дейін, ұзақ мерзімді кредиттер бойынша 14,3%-дан 13,8%-ға дейін төмендегенін атап өтті.

"Экономиканың басым секторлары үшін 600 млрд теңге сомаға ұзақ мерзімді ресурстар беру міндеті шеңберінде Қазақстан Ұлттық Банкі Үкіметпен және банктермен бірлесіп жобаларды қаржыландыру тетіктерін әзірледі. Қазіргі уақытта олар іске асырылуда. 2019 жылғы 1 наурызда екі банктің 25 млрд теңге сомаға облигациялары сатып алынды", –  деп хабарлады Ерболат Досаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу