Шетелден келген өнімдер шекарадан қайтарылды

822

Өткен аптада еліміздің шекараларында 1 мың тоннаға жуық импорттық карантинге жатқызылған өнім анықталған. Өнімдер Ресей, Беларусь, Финляндия, Өзбекстан, Қырғызстан, Нидерланды және Кореядан жеткізілген, деп хабарлайды inbusiness.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шетелден келген өнімдер шекарадан қайтарылды

"2021 жылғы 22-29 қазан аралығында агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциялары Қазақстан Республикасының аумағына фитосанитариялық тәуекелі жоғары карантинге жатқызылған өнімді заңсыз әкелудің 82 фактісінің жолын кесті. Нидерландыдан Нұр-Сұлтан қаласына 1,2 тонна қызанақты импорттау кезінде Қазақстан Республикасы үшін карантиндік объектілер "Қызанақ жемістерінің қоңыр қатпарлы вирусы" (Tomato brown rugose fruit virus (ToBRFV) және "Пепино мозаика вирусы" (Pepino mosaic virus) анықталды.

Сонымен қатар Қырғызстан мен Өзбекстаннан Жамбыл және Маңғыстау облыстарына 21,9 тонна құрма өнімін импорттау кезінде "Комсток сымыры" (Pseudococcus comstoki)  карантиндік объектісі анықталды. Өсімдіктер карантині саласындағы аталған заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік материалдар құрастырылып, сотқа жолданды", – дейді АШМ-нен.

21,9 тонна құрма өнімі Өзбекстан мен Қырғызстанға қайтарылған.

Сондай-ақ Ресей Федерациясынан жалпы көлемі 768 тонна картоп, сәбіз, қызылша, қызанақ, бұрыш, мақсары, бидай, жаңғақтар, кептірілген жемістер, апельсин, алма және банан, Қырғызстаннан 22 тонна жемшөп эспарцеті, Өзбекстаннан 0,01 тонна хурма, Кореядан 1,5 тонна жүгері ұны және Нидерландыдан 139 780 дана гүл кесінділері импорты кезінде 56 жағдайда фитосанитариялық сертификаттардың жоқтығы анықталыпты.

"1 жағдайда Ресей Федерациясынан 108 060 дана көшет әкелу кезінде таңбалаудың жоқтығы анықталды. Ресей Федерациясынан жалпы салмағы 140 тонна картоп, қызанақ, апельсин, қарбыз, қара өрік, алма, ұн, астық қалдықтары, жарма, Беларусьтен 48 843 дана көшет, Финляндиядан 25 тонна жаңғақ және Қырғызстаннан 7 тоннадан астам картоп, қызанақ және жүзім импорты кезінде 20 жағдайда карантинге жатқызылған өнім қайталама тексеруге ұсынылмаған. Өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманың бұзылуына жол берген кінәлі тұлғаларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 400-бабы бойынша әкімшілік материалдар жасалып, 4,3 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды", – деп жазылған хабарламада.

Биыл ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциялары өсімдіктер карантині саласында 5,3 мың бұзушылықты анықтап, нәтижесінде 393 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу