Мәжілістің жалпы отырысында "2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжатты Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды.
"2023 жылғы 25 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында мемлекеттердің басшылары сыртқы электрондық сауданы реттеу бөлігінде Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды. Аталған Хаттамада біраз өзгерістер қарастырылған. Бірінші, халықаралық пошта арқылы шетелдік интернет-платформалардан үшінші елдерден жеке тұлғалардың атына жіберілетін тауарларды бөлек санатқа – электрондық сауда тауарларына бөлу. Екінші, "электрондық сауда операторы" ұғымын енгізу. Үшінші, электрондық сауда декларациясы деген жаңа түрдегі кеден декларациясын енгізу", – деді ведомство басшысы Мәжілістің пленарлы отырысында.
Оның айтуынша, бүгінде шетелдік интернет-платформалардан сатып алынатын тауарлар жеке пайдалануға арналған тауарлар санатына жатады.
"Сонымен бірге, еркін кіргізу нормасынан асқан жағдайда декларацияланады. 250 еуро, 35 кг шектеу. Осыған байланысты, аталған тауарлар ресми статистикаға енгізілмейді, себебі сауда айналымына жатпайды. Электрондық сауда тауарларының барлық көлемін декларациялау шетелдік интернет-платформалардан сатып алынатын тауарлар туралы толық статистиканы құруға мүмкіндік береді", – деді Серік Жұманғарин.