Алматы қоғамдық кеңістіктерді дамытуда дұрыс бағытта келе жатыр. Мұндай пікірді SHARE Kazakhstan 2026 халықаралық сәулет және қала құрылысы форумында Gehl компаниясының жобалар жөніндегі директоры Александр Спитцер білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сарапшының айтуынша, қалада оң өзгерістер байқалады. Алайда жаңа қоғамдық кеңістіктер құрумен қатар, қолданыстағы аумақтарды да жаяу жүргіншілерге ыңғайлы ету маңызды.
Ол Нью-Йорктегі Таймс-скверді жаңғырту тәжірибесін мысалға келтірді. Онда бұрын автокөліктерге арналған аумақтың бір бөлігі жаяу жүргіншілерге берілген.
Сонымен қатар Александр Спитцер Алматы үшін "15 минуттық қала" тұжырымдамасын болашағы зор бағыттардың бірі деп атады. Бұл қағида бойынша тұрғындар күнделікті қажетті қызметтер мен нысандарға үйінен жаяу 15 минутта жете алуы керек.
Маманның пікірінше, Алматыдағы кең тротуарлар мен жасыл желектің молдығы осы тұжырымдаманы жүзеге асыруға мүмкіндік береді.