Шетелдік мамандар мегаполисті дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс айтып, британдық сәулетшілер қалада жаңа жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан SHARE Kazakhstan 2026 халықаралық сәулет форумында айтылды.
Форум сәулетшілерді, қала құрылысын жоспарлаушыларды, девелоперлер мен қала әкімдігінің өкілдерін бір алаңға жинады.
SimpsonHaugh британдық сәулет компаниясының серіктесі Кристиан Мэйл Алматының бірегей табиғи ландшафты, жасыл желекке бай болуы және көшелерінің тиімді ұйымдастырылуы мегаполисті одан әрі дамытуға үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сарапшы қаланың көлік және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымына, жасыл желекті сақтау жұмыстарына және жеңіл рельсті көлік жүйесін дамыту жобасына жоғары баға берді.
Сонымен қатар британдық сәулет бюросының өкілі Алматыда түрлі жобаны жүзеге асыруға қызығушылық танытты. Оның пікірінше, жаңа ғимараттар заманауи сәулет шешімдерін қаланың тарихи мұрасы мен өзіндік келбетін сақтаумен ұштастыруы қажет.
Ал Plan A Consultants Ltd британдық компаниясының директоры Нед Барран Алматының тауға жақын орналасуын қаланың басты туристік артықшылықтарының бірі деп бағалады.
Мегаполистің табиғаты оңтүстіккореялық сәулетші, ILLO Architects компаниясының негізін қалаушы Джей Дык Юға да ерекше әсер қалдырған. Алматыға алғаш рет келген маман қаланың кез келген дерлік нүктесінен тау көрінісін тамашалауға болатынына таңғалғанын айтты.
Оңтүстіккореялық сәулетші Алматының бас жоспарына қатысты да ұсыныс білдірді. Оның пікірінше, қаланың тарихи бөлігіндегі аласа қабатты құрылысты сақтап, жаңа құрылыс жобаларын орталықтан тыс аумақтарда дамыту маңызды. Бұл қаланың әр бөлігінен тау көрінісін тамашалауға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде SHARE Architects компаниясының негізін қалаушылардың бірі, сәулет саласындағы коммуникация сарапшысы Флорин Миндириджиу Алматының сәулеттік жаңаруына оң баға берді.
Оның айтуынша, жаңа жобаларды әзірлеу кезінде қаланың табиғи ортасын, жергілікті ерекшеліктерін және тұрғындардың өмір салтын ескеру қажет.
"Алматының табиғаты ерекше. Қаланы қоршаған таулар, өзендер мен көркем ландшафт – үлкен артықшылық. Форумда ұсынылған жобаларға қарағанда, сәулетшілер осы ерекшеліктерді ескеріп отыр", – деді Флорин Миндириджиу.
Сарапшы биік ғимараттар салу мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, заманауи құрылыс қаланың табиғи келбетімен үйлесіп қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етуі тиіс.
Жалпы, халықаралық сарапшылар Алматыны одан әрі дамытуда қаланың табиғи ерекшеліктері мен тарихи келбетін сақтаудың, сондай-ақ заманауи сәулет шешімдерін тиімді қолданудың маңыздылығын атап өтті.