Премьер-министр Олжас Бектенов соңғы төрт жылда шетелдік туристерді тарту құралдары жаңартылмағанын айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Шетелдік турист саяхаттайтын елді таңдамас бұрын, ашық дереккөздердегі ақпараттарды, ең алдымен интернет пен әлеуметтік желілерді шолып шығады. Бізде соңғы төрт жылда шетелдік туристерді тарту құралдары жаңартылмаған. Ескірген ақпараттар пайдаланылып келеді, мәдени, этнографиялық және басқа да материалдар қамтылмайды", – деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов осы мәселеге байланысты құзырлы органдарға тапсырма берді.
"Туризм министрлігі, Мәдениет министрлігі, "Kazakh Tourism" компаниясы және әкімдіктермен бірге бір ай мерзімде Қазақстандағы барлық мәдени, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ескере отырып, 2026 жылға арналған егжей-тегжейлі жұмыс жоспарын әзірлесін", – деп атап өтті ол.