Оқиға Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы "Қапланбек" өткізу бекеті маңында болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Дәл осы оқиға барысында көрші елден келген шетел азаматтарынан ақша талап етіліп, бопсалау әрекеттері жасалғаны айтылған. Түркістан облысының полиция департаменті құқыққа қайшы әрекет фактісімен қылмыстық іс қозғағанын мәлім етті.
– "Қылмыстық құқықбұзушылық жасады" деген күдікпен жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түркістан облысының 43 жастағы, жұмыссыз, тұрақты тұрғылықты жері жоқ тұрғыны ұсталды. Күдікті Сарыағаш аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп жазылған ресми хабарламада.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция шекара маңындағы аумақта қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрақты бақылауда екенін жеткізді. Сондай-ақ, тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сүйенуге, жалған ақпарат таратпауға шақырды.