Қазақстан азаматтарын шетелде жұмысқа орналастыру қызметін көрсететін жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің жұмысын ашық әрі тиімді етуге бағытталған заңнамалық өзгерістер қарастырылып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің мәліметінше, ұсынылып отырған шаралар шетелден жұмыс іздейтін азаматтардың құқығын қорғауды күшейтуге, делдалдардың жауапкершілігін арттыруға және шетелдік жұмыс берушілер мен бос жұмыс орындары туралы жалған ақпарат беру тәуекелдерін азайтуға бағытталған.
Бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру қажеттілігі азаматтардың сенімсіз делдалдарға жүгінген кезде түрлі қиындықтарға тап болуымен байланысты. Мәселен, кейбір делдалдар шетелде жоғары жалақы мен қолайлы жұмыс жағдайын уәде етіп, өз қызметі үшін қомақты ақша алады. Алайда азамат барған кезде ұсынылған жұмыс жағдайы бастапқы уәделерге сәйкес келмей жатады. Сондай-ақ кейбір азаматтар барған елінде заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтін құжаттармен шетелге шығатын жағдайлар да кездеседі.
Ұсынылған тетіктердің бірі – жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің мемлекеттік цифрлық тізілімін енгізу. Бұл нарықтағы ашықтықты арттырып, шетелде жұмысқа орналастыру қызметін көрсететін ұйымдарды жүйелі түрде есепке алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар агенттіктерге азаматты шетелге жібермес бұрын жұмыс беруші, бос жұмыс орны және ұсынылып отырған жұмыстың шарттары туралы ақпараттың шынайылығын тексеру міндетін жүктеу ұсынылып отыр.
Азамат шетелге шықпай тұрып, оған жұмысқа орналасу шарттары, жалақы мөлшері мен оны төлеу тәртібі, жұмыс орны, тұратын жері және басқа да маңызды жағдайлар туралы толық ақпарат берілуге тиіс.
"Бұдан бөлек, осындай агенттіктердің қызметін пайдаланатын азаматтарға қосымша қаржылық кепілдік беру мәселесі де қарастырылып жатыр. Ол үшін Қазақстан аумағындағы екінші деңгейлі банкте жұмысқа орналасатын азаматтың атына кепілдік жарнасын салу тетігі ұсынылуда. Бұл қаражат, мәселен, азаматтың шетелде әрі қарай болуына кедергі келтіретін жағдайлар туындап, оны Қазақстанға қайтару қажет болған кезде пайдаланылуы мүмкін", – делінген хабарламада.
Ұсынылып отырған заңнамалық өзгерістер халықаралық еңбек нарығындағы жұмыстың ашықтығын арттырып, делдалдардың жауапкершілігін күшейтуге және шетелде жұмыс істегісі келетін Қазақстан азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қосымша мүмкіндік береді деп күтілуде.
Алайда бұл өзгерістер әзірге әзірлеу және талқылау кезеңінде. Сондықтан олар қолданыстағы заңнама талаптары болып саналмайды.