ШҚО әкімі Өскемен арматура зауыты ұжымымен жаңа Конституция жобасын талқылады

206

Кездесуге сондай-ақ қоғам өкілдері мен облыстық мәслихат төрағасы Денис Рыпаков қатысты. 

ШҚО әкімі Өскемен арматура зауыты ұжымымен жаңа Конституция жобасын талқылады     Фото: ШҚО әкімдігі

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласындағы арматура зауытының еңбек ұжымымен кездесу өткізіп, жаңа Конституция жобасын және 15 наурызда өтетін республикалық референдумды талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қатысушыларға Конституция жобасының негізгі ережелері мен елдің басты құжатына енгізілуі ұсынылған өзгерістер туралы ақпарат берілді.

Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, Конституция жобасы соңғы бірнеше ай бойы түрлі саладағы сарапшылардың қатысуымен дайындалды. Өз ұсыныстарын мамандар ғана емес, қарапайым азаматтар да, соның ішінде онлайн-платформалар арқылы енгізе алды. Түскен барлық бастамалар жүйеленіп, қорытынды құжаттың негізіне айналды.

Өңір басшысының сөзінше, жаңа Конституцияның басты назарында адам – оның құқықтары, қауіпсіздігі, денсаулығы мен еңбегін қорғау тұр. Құжатта сондай-ақ ғылым мен инновацияны дамытуға, экология мәселелеріне және табиғатты ұқыпты пайдалануға ерекше мән берілген. Сонымен бірге цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында аса өзекті болып отырған жеке деректерді қорғау туралы ережелер де енгізілген.

Кездесу барысында облыс әкімі Конституция жобасының негізгі бағыттары туралы кеңінен айтып, кәсіпорын қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.

Облыстық мәслихат төрағасы Денис Рыпаков ұсынылып отырған өзгерістер еңбек адамының рөлін нығайтуға және адами капиталды дамытуға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция елде жүргізіліп жатқан реформалардың логикалық жалғасы болып, Қазақстанның одан әрі дамуына берік негіз қалайды.

Зауыт ұжымының өкілдері өз кезегінде өндіріс саласындағы адамдар үшін тұрақтылық, еңбек құқықтарының қорғалуы және болашаққа деген сенім аса маңызды екенін айтты. Кәсіпорын қызметкерлері жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтындарын білдіріп, алдағы дауыс берудің маңыздылығын атап өтті.

Арматура зауытының әкімшілік-шаруашылық бөлімінің бастығы Станислав Красков қонақтарды қарсы ала отырып, өндіріс адамдары үшін тәртіп, жауапкершілік және нақты нәтиже маңызды екенін айтты.

– Бүгінде біз еңбек адамының рөлін нығайтуға бағытталған жүйелі қадамдарды көріп отырмыз. Жаңартылған Конституция құқықтар мен әлеуметтік қорғау кепілдіктерін күшейтіп, неғұрлым тұрақты әрі әділетті жүйені қалыптастырады. Біз үшін бұл жай ғана абстрактілі тұжырымдар емес, кәсіпорындардың тұрақтылығының, жұмыс орындарының және ертеңгі күнге деген сенімнің негізі, – деді ол.

Оның айтуынша, кәсіпорын ұжымы елде жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайды және олардың нақты нәтижесін өндірісті жаңғыртуда, өңірлердің дамуы мен мемлекет жауапкершілігінің артуынан көріп отыр.

Кездесу соңында қатысушыларға алдағы референдумға қатысудың маңыздылығы еске салынды. Онда әрбір азамат Конституцияға ұсынылған өзгерістерге қатысты өз пікірін білдіре алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу