Тергеу барысында полиция қызметкерлеріне жол үстіндегі үйілген топырақтың көлік қозғалысына қауіп төндіргені белгілі болды. Алайда инженер "Жол жүрісі туралы" ҚР Заңының талаптарына қарамастан, ескерту жол белгілерінің орнатылуын қамтамасыз етпеген.
– Осы салғырттықтың салдарынан "Күршім-Қалжыр-Ақсуат" тасжолының 37-шақырымында ауданның 37 жастағы тұрғыны айдап келе жатқан көлік жол үстіндегі үйілген топыраққа соғылған. Жол-көлік оқиғасының салдарынан оның 2019 жылы туған ұлы сол жерде көз жұмған. Ал 2017 жылы туған қызы жарақат алған, – деп хабарлады ШҚО полиция департаментінен.
Қылмыстық істі тергеу шамамен үш айға созылған. 2026 жылдың қаңтарында іс сотқа жолданып, наурыз айында айыптау үкімі шықты.
Сот инженерді "Көлікте қолданылатын қағидаларды бұзу" бабының үшінші бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оған 1 жылға бас бостандығынан айыру және бір жыл мерзімге жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.