ШҚО-да көшкін астында қалған туристің денесі әлі тауда жатыр

980

Таудағы серуен қайғылы оқиғамен аяқталды.

ШҚО-да көшкін астында қалған туристің денесі әлі тауда жатыр

Шығыс Қазақстанның Риддер қаласында туристер қар көшкініне тап болып, біреуі қаза тапты, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Оқиға 10 ақпанда болған. Өскеменнен Риддер қаласына барған 6 саяхатшы Үлбі өзенінің алабындағы Сержиха шоқысында сырғанақ теуіп жүргенде көшкін түсіп, бір адамды қар басып қалған.

"Хабар түскен бойда жедел құтқару жасағының құтқарушылары мен кинологтары  Еврокоптер-145 тікұшағымен көмекке шықты. Құрамында 5 адам бар екінші топ жол талғамайтын көлікпен Өскеменнен аттанған. Риддер қаласынан да құтқарушылар мен 4 ерікті моторлы шанамен көмекке ұмтылды" - дейді Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.  

Алайда сағат 16.23-те тікұшақ ауа райының ұшуға қауіпті болуы салдарынан қонуға мәжбүр болған. Қар астында қалған адамның серіктері осы кезде кері байланысқа шығып, 1979 жылы туған сапарластарының денесін аршып алғанын хабарлайды. Саяхатшылар тұрған орындарының нақты координаттарын бергеннен кейін ғана құтқарушылар мен еріктілер оларды тапқан. Қаза болған адамның денесі әлі де таудан түсірілген жоқ. Қараңғы түсіп, ауа райы нашарлағандықтан кеше ол іс мүмкін болмаған көрінеді. Бүгін 8 ерікті мен 2 құтқарушы, 1 криминаллық полиция сарапшысы және марқұммен бірге болған 3 саяхатшы мәйітті алып түсу үшін қайта тауға кетті.  

"Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары бірнеше күн қатарынан тұрғындарға таудағы көшкін қаупі туралы алдын ала ескерту жасаған", - деп жазады департаменттің баспасөз қызметі. 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу