Жоба аясында бағдарламаға қатысу мерзіміне байланысты жұмыс берушілерге азаматтардың жалақысының 60-тан 70%-ға дейінгі бөлігі бюджет қаражаты есебінен субсидияланады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Алтай ауданының прокуратурасы 50 жастан асқан азаматтарды жұмысқа орналастыруға бағытталған "Күміс жас" мемлекеттік жобасын іске асыру кезінде заңнама талаптарының бұзылғанын анықтады.
"Жұмыс берушінің қызметкерлердің нақты жұмыспен қамтылуы туралы бұрмаланған мәліметтер ұсынған фактілері анықталды. Оның ішінде кейбір қызметкерлердің жұмыс орындарында нақты болмағанына, соның ішінде аудан аумағынан тыс жерлерге шығып кеткеніне қарамастан, жұмыс уақытын есепке алу табельдерінде толық жұмыс күндері мен сағаттары көрсетілген", – делінген прокуратура таратқан хабарламада.
Нәтижесінде мемлекеттік субсидиялар қызметкерлердің еңбек міндеттерін мәлімделген көлемде нақты орындағаны жеткілікті түрде расталмастан аударылған.
Аударылған қаражаттың жалпы сомасы шамамен 4,6 млн теңгені құрады.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша төленген субсидияларға қайта есептеу жүргізіліп, бюджет қаражаты мемлекет кірісіне толық көлемде қайтарылды.