Күдіктілер шалғай ауылдардың бірінен үй алып, сол жерде синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырған. 26 және 22 жастағы екі күдіктінің заңсыз әрекеті тоқтатылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жедел-іздестіру іс-шаралары мен тінту барысында заңсыз айналымнан зертханалық жабдықтар, 70 келі дайын синтетикалық "Альфа-PVP" өнімі, сондай-ақ шамамен 4 тонна химиялық реагенттер мен прекурсорлар тәркіленді.
Тергеу барысында қылмыстық әрекеттің интернеттің көлеңкелі сегменті арқылы қашықтан жүргізілгені анықталды. Заңсыз айналымға шамамен 250 мың бір реттік доза жіберілмеді. Бұл – жүздеген адамның өмірін сақтап, азаматтардың, әсіресе жастардың денсаулығын қорғауға мүмкіндік берді.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Есірткі өндірісін ұйымдастырушыларға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.