Қазір Риддер қаласындағы Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы аумағындағы өрт әлі сөндіріліп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін өрт ошақтары Өскемен, Самар орманшылықтарында және Бұқтырма су қоймасының жағалауында тіркелген болатын.
"Аумағы жағынан бұл аса ірі өрттер емес. Төрт өрттің ішіндегі ең ауқымдысы Бұқтырмадағы "Аюда" демалыс базасының маңында болды, оның көлемі 13 гектар болды. Дегенмен жедел әрекет етудің арқасында қызыл жалын ауыздықталды. Біздің басты міндетіміз – ірі көлемдегі орман өрттеріне жол бермеу. Ал қазіргі ауа райы жағдайына байланысты шағын өрттер әлі де шығып жатыр", – деді ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов.
Өрт қаупі маусымы басталғалы бері облыс аумағында 15 орман және 38 дала өрті тіркелген. Оның ішінде 10 өрт орман шаруашылықтары аумағында, тағы бесеуі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болған.