ШОБ "Атамекен" ҰКП-ға жарна төлеуден босатылады

1056

Олар 1,2 млрд теңге көлемінде жарна төлеген.

ШОБ "Атамекен" ҰКП-ға жарна төлеуден босатылады

Шағын және орта бизнес өкілдері "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына мүшелік жарна төлеуден босатылады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мұндай шешім елордада өтіп жатқан "Атамекен" ҰКП-ның IX кезектен тыс съезінде қабылданды.

"Шағын және микробизнесті Атамекен ҰКП-ға міндетті мүшелік жарнаны төлеуден босату" ұсынылды. Осыған дейін Мемлекет басшысы шағын бизнесті мүшелік жарна төлеуден босатуды тапсырған еді. Бүгінде 21 мыңнан аса шағын бизнес субъектілері немесе олардың 74% мүшелік жарнаны төлеушілер болып саналады. Бұл ретте жарнадан түсетін түсімдер 1,2 млрд теңге немесе жалпы түсімнің – 17%", – деді "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары, басқарма мүшесі Нариман Әбілшайықов. 

Оның айтуынша, шағын және микро бизнес өкілдері жарна төлеуден болсатылса, жарна төлеушілер саны 29 мыңнан 7 мыңға дейін немесе 4 есе азаяды.

"Бұл шағын бизнеске айтарлықтай қолдау болады деп есептейміз", – деді "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары. 

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы оның орнын шығындарды оңтайландыру есебінен өтеуді ұсынды.

Нариман Әбілшайықовтың сөзінен кейін кәсіпкерлер бұл мәселені қызу талқылады. Кейбір қатысушылар шағын бизнес шешім қабылдауға қатысу үшін аз болса да ұйымға жарна төлеуі керек деген ұсыныстарын айтты. Тағы бір съезге қатысушы жарнаның мөлшері айына 400 теңге болуы керек деп пікір білдірді. 

Құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиев әрбір кәсіпкер шағын немесе микро бизнес өкілі болса да, мүшелік жарна төлеуге міндетті екенін атап өтті.

"Айналымдағы қаражаттың 0,001%, бұл аз сома. Себебі әрбір кәсіпкер мәселеге бей-жай қарамауы керек. Ол осы процеске қатысуы керек, бұл өте маңызды. Егер біз бірікпесек, онда біз бұл бюрократияға қарсы шыға алмаймыз", – деді одақ басшысы.
"Атамекен" ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов мұндағы мәселе ерікті жарнаны төлеу емес, міндетті жарнаға қатысты екенін айтты.

Дауыс беру барысында съезге қатысушылардың басым бөлігі шағын бизнесті "Атамекен" ҰКП-ға міндетті жарнаны төлеуден босату керек деп шешім қабылдады.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу