Шолпан-Атада Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтті

246

Кейінгі 5 жылда қазақ-қырғыз тауар айналымы 2 есеге артып, $2,2 млрд-ты құрады.

Шолпан-Атада Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтті Фото: Үкімет

Шолпан-Ата қаласында өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров ЕҮАК-ке мүше мемлекеттер делегацияларының басшыларымен ұжымдық кездесу өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы ықыласы мен ізгі тілектерін жеткізді. Кездесу барысында екі елдің көшбасшылары арасындағы сенімге құрылған саяси диалог пен өзара түсіністікке негізделген одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал етіп отырғаны атап өтілді. 

ЕҮАК-тің кеңейтілген құрамдағы отырысында Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығын одан әрі дамыту, салалық интеграцияны тереңдету, цифрлық өзара іс-қимылды кеңейту, қаржы-экономикалық тетіктерді жетілдіру және Одаққа мүше мемлекеттердің бірлескен жұмысын үйлестіру мәселелері қаралды. Еуразиялық экономикалық комиссияның күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндамалары тыңдалды. Атап айтқанда, жүк теміржол тасымалдары мен көлік дәліздерін цифрландыру, электрондық сауда, климат саласындағы ынтымақтастық және өзге де бағыттар талқыланды.

Қазақстан Премьер-министрі Президенттің басшылығымен барлық мемлекетпен ашықтық пен сындарлы әріптестікке негізделген Әділетті әрі Озық Қазақстанды дамыту бағыты дәйекті түрде жұзеге асырылып жатқанын атап өтті. Еліміздің жаңа Конституциясында көзделген ауқымды институционалдық реформалар инвесторлардың сенімін нығайту, экономиканы жаңғырту және халықаралық өзара іс-қимылды кеңейту үшін қолайлы жағдай қалыптастырады.

Олжас Бектенов қазіргі сыртқы сын-қатерлер жағдайында экономикалық ынтымақтастықты нығайтудың маңызы арта түскенін атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылы ЕАЭО елдері ішіндегі тауар айналымы $95 млрд-ты құрады. Биыл бұл көрсеткіш 7,3%-ға өсіп, $102 млрд-қа дейін жетеді деп күтілуде. 

ЕҮАК қызметінің басым бағыттары қатарына цифрлық сауда тетіктерін дамыту, ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесі аясында жасанды интеллект технологияларын енгізу, тамақ өнімдерінің мүше мемлекеттерге қолжетімділігін қамтамасыз ететін тетіктерді жетілдіру жатады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу