Шаруалар Үкіметке талап қойды

2969

Маңғыстау облысының Ақтау қаласында маңғыстаулық шаруалардың өңірлік құрылтайы өтіп жатыр. Оған Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев, аудан әкімдері, жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері келген, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Шаруалар Үкіметке талап қойды

Шаруалар саладағы қордаланған мәселелерді көтерді. Соның бірі – ауыл шаруашылығы техникаларына қатысты утиль алымының алынбауы. Олар мәселенің шешім таппағанына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр кінәлі деп есептейді. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрінің де жұмысына көңілдері толмай отыр.

"Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев те қызметінен кетуі керек. 2021 жылдың қарашасында Елордада өткен шаруалар құрылтайына келген жоқ. Көп уәде берді. Орындаған жоқ. Ол ең алдымен шаруаның жағдайын ойлауы керек. Біз мұңымызды кімге айтуымыз керек?!" – дейді жаңаөзендік шаруа Нұрболат Темірбаев.

Мал шаруашылығымен айналысатын Әділет Шыртанов та Ауыл шаруашылығы министрі отставкаға кетуі керек деп санайды.

"Өткенде министр Ербол Қарашөкеев ZOOM платформасы арқылы маңғыстаулық шаруалармен жиын өткізді. Сонда 1 ақпаннан бастап маңғыстаулық шаруаларға жеңілдетілген бағамен жем мен шөп келеді деген. Бірақ Жаңаөзен қаласына 1 ақпаннан бері 660 қаптан басқа ештеңе келген жоқ. Бізге уәде етілген 2 мың тонна кебек енді қашан келеді? Бұл өзі қайдан келе жатыр, Қытайдан ба?! Осы мәселені реттей алмаған министр Ербол Қарашөкеевтің отставкаға кетуін талап етеміз", – деді Әділет Шыртанов.

Құрылтайда ауыл шаруашылығын несиелендіру, ауыл шаруашылығын субсидиялау, жанар-жағар май бағасы, агротехника утиль алымы, ветеринария реформасы, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық, жер алу мәселесі және аграрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды. 

"Жергілікті шаруалардың проблемасына назар аударылмайды. Олардың үні, талап-тілегі жоғары жаққа жетпейді. Сондықтан біздің қауымдастық еліміздің бірнеше өңірін аралап, шаруалар құрылтайын өткізуді қолға алды. Алғашқы шараны Ақтау қаласында ұйымдастырдық. Былтыр маңғыстаулық шаруалардың қандай қиындықтармен бетпе-бет келгені белгілі. Сол себепті біз шаруалар мен Президенттің арасына алтын көпір болсақ дейміз. Мұндай құрылтай бірнеше өңірде өткізіледі. Оны Нұр-Сұлтан қаласында өтетін қазақ шаруаларының ІІ республикалық құрылтайымен түйіндейміз", – дейді "Shopan ata" Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығы төрағасы Алмасбек Садырбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу