Жамбыл облысының Шу ауданындағы "Jibek Joly" арнайы экономикалық аймағында трициклдер құрастырыла бастады. Өткен жылдың желтоқсан айында ашылған "ATX Industry Group" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 10 000 дана трицикл құрастыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жалпы аумағы 1600 шаршы метрді құрайтын өндіріс ошағында қазіргі уақытта 70 дана трицикл жинағына арналған жабдықтар мен бөлшектер жеткізілген және трициклдерді құрастыру жұмыстары қарқынды жалғасуда.
"Бүгінгі таңда цехта құрастыру жұмыстары жүргізіліп жатса, алдағы уақытта жұмыстың өнімділігіне қарай арнайы зауыттың құрылысы басталып, трициклге арналған бөлшектер де ауданымыздан шыға бастайды. Сонымен бірге бұл трициклдерді өзіміздің аудандағы түрлі жұмыстарға бағыттап, өз тәжірибемізде қолданылатын болады", – дейді Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков.
Өндіріс орны толық қуатында жұмыс істей бастағанда мұнда 70-ке жуық азамат тұрақты жұмыс орындарымен қамтылатын болады.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл көліктердің 2 тоннадан 4 тоннаға дейін жүк көтеру мүмкіндігі бар. Оның үстіне бөлшектері бұзылған жағдайда арнайы кепілдік те қарастырылған.