Шу қаласында алғашқы жел генераторларын құрастыру басталды

380

Бұл – Қазақстанда жаңартылатын энергетикаға арналған жабдықтардың жергілікті өндірісін дамыту мақсатында құрылған алғашқы зауыт.  

Шу қаласында алғашқы жел генераторларын құрастыру басталды Фото: t.me/samrukkazynaofficial

Былтыр "Самұрық-Қазына" АҚ мен Sany Renewable Energy компаниясының Шу қаласындағы бірлескен зауытында жел энергетикасына арналған алғашқы жабдықтарды өндіру басталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Нысан "Jibek Joly" АЭА аумағында орналасқан және жел генераторларына арналған компоненттер өндірумен айналысады. Жабдықтар "ҚазМұнайГаз" АҚ мен Eni S.p.A. компаниясы бірлесіп іске асырып жатқан Жаңаөзен қаласындағы гибридті электр станциясы үшін дайындалды.

Келісімшартқа сәйкес, зауыт 2026 жылғы қараша айының ортасына дейін жалпы қуаты 77 МВт болатын 10 жел энергетикалық қондырғы жиынтығын өндіріп, жеткізеді. 2026 жылғы 10 тамыздағы жағдай бойынша зауыт алаңына жел генераторларының негізгі компоненттері – үш гондола мен үш күпшек жиынтығы жеткізілді. Тамыздың соңына дейін дайын жел энергетикалық қондырғыларын кейіннен құрастыруға қажетті тағы жеті компонент жиынтығын жеткізу жоспарланған.

Сонымен қатар, Қазақстанда жел энергетикасы саласындағы жобаларды іске асыруды жоспарлап отырған халықаралық компаниялардан жаңа тапсырыстар алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 2 ГВт-қа дейін жетеді. Кәсіпорында жел генераторларына арналған гондолалар, күпшектер және басқа да негізгі компоненттер өндіріледі.

"Бұл жоба "Самұрық-Қазына" АҚ мен жел энергетикасына арналған жабдықтарды өндіру бойынша әлемдегі жетекші компаниялардың бірі – SANY Renewable Energy арасындағы серіктестіктің нәтижесі. Жоба аясында R&D орталығы бар жаңа жоғары технологиялық жел генераторларының өндірісі құрылуда. Бұл Қазақстанда жабдықтардың негізгі компоненттерін өндіруге ғана емес, сонымен қатар жел энергетикасының заманауи технологиялары саласындағы құзыреттерді дамытуға мүмкіндік береді", – деді "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Өндірістің іске қосылуы Жамбыл облысында 300 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу