Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылысқа қатысты іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бурабай аудандық сотында адамдардың өліміне, адамдардың денсаулығына ауыр зиян келтіруге және ауыр зардаптарға абайсызда әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін дәмхана басшысына қатысты (ҚК-нің 292-бабының 3-бөлігі), сондай-ақ қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтерді көрсетіп, абайсызда адамдардың өліміне және адамдардың денсаулығына зиян келтіргені үшін автогаз құю станциясының директоры және газ баллондарын жеткізушіге қатысты (ҚК-нің 306-бабының 3-бөлігі) қылмыстық іс қаралды.
"М. Щучинск қаласындағы кафенің иесі бола отырып, қауіпсіздік талаптарын бұзған, атап айтқанда: қоғамдық тамақтандыру объектісінде газ баллондарын пайдаланған, баллондарды жылыту радиаторларына тікелей жақын жерде сақтаған, сондай-ақ қызметкерлерге және газ жабдығын пайдалануға жауапты тұлғаларға тиісті нұсқама жүргізбеген. Д. газды өткізу және жеткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға құқығы болмаса да, кафе үшін газ баллондарын жеткізумен айналысқан. 2026 жылдың 25 ақпанында ол екі баллон жеткізген, олардың біреуі кейіннен жарылған. Ол жеткізген баллон рұқсат етілген мөлшерден артық толтырылған. С. автогаз құю станциясының директоры бола отырып, тиісті құжаттамасы, жабдықтары, баллондардың толтырылуын бақылауға арналған өлшеу құралдары, оқытылған персоналы және өзге де міндетті жағдайлары болмаған кезде тұрмыстық газ баллондарын газбен жүйелі түрде толтыруға жол берген", – деп хабарлады облыстық сот.
Соттың мәліметінше, газ баллонының шамадан тыс толтырылуы және оның кафеде жылыту радиаторының жанында сақталуы салдарынан газ қызып, баллон ішіндегі қысым жоғарылаған.
Нәтижесінде баллон қабырғасы жарылып, өрт шыққан. Оқиға салдарынан 12 адам қаза тауып, 11 адам жарақат алған.
Үш сотталушы тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды. ҚК-нің 292-бабының 3-бөлігінде және 306-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстар абайсызда жасалған орташа ауыр қылмыстар санатына жатады.
Дәмхана иесі мен автогаз құю станциясының директоры 7 жылға, газ баллондарын жеткізуші 6 жылға бас бостандығынан айырылды. 16 жәбірленушінің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап-арызы ішінара қанағаттандырылды.
Сот актілері заңды күшіне енген жоқ.