Щучинскідегі жарылысқа қатысты апелляциялық сот шешімі шықты

322

Ақмола облыстық соты дәмханада болған өртке кінәлі тұлғаларға қатысты сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Щучинскідегі жарылысқа қатысты апелляциялық сот шешімі шықты Фото: Baq.kz/Сырым Рахимбеков

Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі таратқан ақпараттан белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бірінші сатыдағы соттың үкімімен М., Д. және С. Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігінде және 306-бабының 3-бөлігінде көзделген, абайсызда жасалған орташа ауырлықтағы қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот үкімімен М. мен С.-ға 7 жылдан бас бостандығынан айыру, ал Д.-ға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 16 жәбірленушінің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап қоюлары ішінара қанағаттандырылды.

Апелляциялық сатыдағы сот үкімнің мәнін өзгертпей, оның сипаттау бөлігіне жәбірленушілердің денсаулығына келтірілген зиянның тұжырымын нақтылауға қатысты редакциялық сипаттағы түзету енгізіп, бірінші сатыдағы соттың үкімін жалпы алғанда өзгеріссіз қалдырды. 

"Сотта Щучинск қаласындағы дәмхананың иесі М.-ның қауіпсіздік талаптарын бұзғаны анықталды. Атап айтқанда, қоғамдық тамақтану нысанында газ баллондарын дұрыс пайдаланбаған, оларды жылыту радиаторларына жақын жерде сақтаған, сондай-ақ қызметкерлер мен газ жабдықтарын пайдалануға жауапты тұлғаларға тиісті нұсқама жүргізбеген. Д. газды сату және жеткізу қызметімен айналысуға құқығы болмаса да, дәмханаға газ баллондарын бақылаусыз жеткізіп отырған. 2026 жылғы 25 ақпанда ол екі газ баллонын жеткізген. Кейін олардың бірі рұқсат етілген мөлшерден артық толтырылуына байланысты жарылған. С. АГҚС директоры бола отырып, тиісті құжаттамасы, жабдықтары, баллондардың толтырылу деңгейін бақылауға арналған өлшеу аспаптары, арнайы оқытылған қызметкерлері және өзге де міндетті талаптары болмаған жағдайда тұрмыстық газ баллондарын жүйелі түрде газбен толтырып, сатуға жол берген", – делінген хабарламада.

Өрт салдарынан 12 адам қаза тауып, 11 адам түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған болатын. 

Сот актілері заңды күшіне енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу