Шудағы шаруалар судан тапшылық көруі мүмкін

521

Шудағы шаруалар биыл қып-қызыл шығынға батамыз ба деп алаң болып отыр. 

Шудағы шаруалар судан тапшылық көруі мүмкін Фото: atameken.kz

Себебі Шу ауданындағы Тасөткел су қоймасындағы жиналған судың көлемі өте аз. Жыл сайын қалыпты деңгейде жиналса да, ағын суға деген талас бір туындамай қалмайтын. Ал биылғы жағдай бұдан да қиынға соққалы тұр.

Шулық шаруалардың биыл ағын судан тапшылық көретінін тіпті өңір басшысының өзі де айтып отыр. Өйткені қазір су қоймасына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сметада тоғанның сейсмотұрақтылығын нығайту да көрсетілген.

Осындай себептерден тоғанға су аз жиналған. Мамандардың айтуынша, Тасөткел су қоймасы 620 миллион текше метр су жинауға қауқарлы. Алайда биыл қоймадағы судың көлемі аз болып отыр.

"Тасөткелдегі құрылыс жұмыстары барысында туындап отырған бірқатар олқылықтар бар. Қайта жаңғыртып құйған бетон қабырғаның оң жағы қазірден жерге отыра бастаған. Ол жерден су ағып кетпеуі үшін тастардан бөгет жасалған. Белгілі бір себептермен сәуірдің соңында нысанға цемент уақтылы жеткізілмей қалған. Соның салдарынан жұмыс біраз уақыт тоқтап тұрған", - дейді Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты М.Шалқарбеков.

Құрылыс басындағы мамандардың айтуы бойынша, су қоймасы дамбасының демонтажы сметада көрсетілмепті. Сондай-ақ құрылысқа техника мен жұмысшылардың өте аз тартылғанын жеткізді.

Бәрінен бұрын ең күйіп тұрған мәселе – биыл су қоймаларына ағын су жылдағыдан аз көлемде түскені. Қас қылғандай Шу ауданының шаруалары көкөніс және техникалық бақша дақылдарын жылдағыдан екі есе көп егіпті. Алдағы суару маусымында ағын судың тапшылығы туындайтыны анық. Әйтеуір еккен өнім, төккен тер далаға кетіп, шаруалар шығынға батпасын деп тілейік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу