Ресми дерекке сәйкес, 34 жастағы ер адам мас күйінде көпқабатты тұрғын үй кешендерінің бірінде лифтілерді әдейі бүлдірген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оқиға Тәуелсіздік даңғылы бойында орналасқан тұрғын үй кешенінде болған.
Тергеу мәліметінше, күдікті қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, алдымен бірінші, кейіннен екінші лифтінің есігін күшпен ашуға әрекеттенген. Ол есіктерді қолымен тартып, теуіп, бірнеше рет жұдырықпен ұрған. Оның бұл іс-әрекеті бейнебақылау камерасына жазылып қалған.
Салдарынан лифт жабдықтары істен шығып, тұрғын үйдің ортақ мүлкіне айтарлықтай зиян келген. Материалдық шығын көлемі – 1,5 миллион теңге.
Аталған дерек бойынша бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция кез келген адамның өзгенің мүлкіне қол сұғуы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін қатаң еске салады.