Шығыс Қазақстанда 1 млн 800 мың гектар жайылымдық жер мақсатсыз пайдаланылған

693

5 мыңға жуық жер иесінде бірде-бір малы болмаған. 

Шығыс Қазақстанда 1 млн 800 мың гектар жайылымдық жер мақсатсыз пайдаланылған Фото: google

Шығыс Қазақстандық шаруалар жайылымдық жерден таршылық көріп отырғандарын айтады. Жуырда облыстық жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері аймақтағы 2,5 миллион гектар жайылымдық жердің 1 млн 800 мың гектары мақсатсыз пайдаланылғаны туралы мәлімдеді.

Жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің ақпаратына сүйенсек, 5 мыңға жуық жер иесінде бірде-бір малы болмай шықты. 2,5 миллион гектар жайылымдық жердің 1 млн 800 мың гектары мақсатсыз пайдаланылған. Бұған қоса, 260 жер учаскесі мүлдем қараусыз жатыр. Иелері өмірден өтіп кетсе де, жер телімдері есептен шығарылмаған. Тіпті, шет елдік азаматтарға берілген учаскелер бар. Ал, шаруалар жайылымға жарымай отыр.

- Заңға қайшы болса да, жайылым үшін деп берілген жерлер өте көп. Біз соған көз жұма қарап рұқсат берген мекемелердің барлығына жайылымдарды қайтару туралы ұсыным хат жолдадық. Сонымен қатар, жерді пайдалану мерзімі бітіп қалса да, оны қайтармай не мерзімін созбай отырғандар бар. Оларға қатысты нақты істер жүргізіледі, - дейді ШҚО жемқорлыққа қарсы қызмет превенция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арыстан Асқар.

Айта кетейік, осы жылдың мамыр айындағы дерекке сүйенсек, Шығыс Қазақстан облысында соңғы бір жылда 34,8 мың гектар жайылымдық жер мемлекетке қайтарылыпты. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің желідегі парақшасында жазған.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу