Шығыс Қазақстан облысында сирек кездесетін ауруларға шалдыққан 47 ересек адам мен 17 бала қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өңірде жалпы 140 мыңға жуық адам диспансерлік есепте тұр, олардың 134 мыңы мемлекет есебінен тегін дәрі алады.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Жиынға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы он айында тұрғындарға 1,9 миллион дәрілік препарат берілген.
Әсіресе сирек кездесетін аурулары бар балаларды емдеуге басымдық беріліп отыр. Мәселен, нейрофиброматоз диагнозы қойылған үш балаға арнайы терапияға арналған "Коселуго" препараты сатып алынған. Ал ювенильді идиопатиялық артритпен ауыратын балалар "Адалимумаб" және "Тофацитиниб" дәрілерімен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар муковисцидозбен ауыратын балаларға таргеттік терапия жүргізілуде. Атипиялық гемолиздік-уремиялық синдромы бар бір балаға "Экулизумаб" препараты берілген.
Дәрі-дәрмектің қолжетімділігін арттыру үшін облыста тегін препараттар тарататын 28 дәріхана пункті жұмыс істейді. Оның 16-сы қалада, 12-сі аудандарда орналасқан.
Бұдан бөлек, дәрілік заттардың берілуін бақылау және есепке алу жүйесін жетілдіру мақсатында eGov Mobile қосымшасы арқылы "Дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау" және "Әлеуметтік әмиян" жобалары енгізіліп жатыр.