Шығыс Қазақстанда Ауыл шаруашылығы басқармасының бұрынғы басшысы сотталды

369

Ал ЖШС басшысы алаяқтық жасағаны үшін 5 жылға түрмеге қамалды.

Шығыс Қазақстанда Ауыл шаруашылығы басқармасының бұрынғы басшысы сотталды Фото: google.com

Шығыс Қазақстанда  бұрынғы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Владимир Гайламазян 3 жарым жылға сотталды. Ол 2020 жылы жергілікті кәсіпкермен бірге агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялау тәртібін бұзып, аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырған.

Өскемен қалалық №2 соттың мәліметінше, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бұрынғы басшысы Владимир Гайламазян мен жергілікті ЖШС-лардың бірінің басшысына қатысты қылмыстық іс қаралды. 

- ЖШС басшысы жайылымды суаруды қажет ететін шаруа қожалықтарын іздеп тауып, оларға субсидия алуға көмектесе алатынын жеткізіп отырды. Алайда олардың өз құдықтары жоқ болғандықтан заң бойынша бюджеттен көмек алуға құқығы болмаған. ЖШС басшысы шаруа қожалықтар иелерінің құжаттары мен электрондық цифрлық қолтаңбаларын алып, субсидия алуға 395 өтініш берді. Оның үстіне өтініштерде жабдықтардың бағасын әдейі жоғарылатып жіберген. Сондай-ақ қаражатты аудару шоты ретінде өз ЖШС-нің есепшотын көрсетті, - делінген ақпаратта.

Бұл өтініштерге Ауыл шаруашылығы басқармасы теріс жауап беруі тиіс еді. Алайда басқарма басшысы араласып, қоластындағы мамандарға барлық арызды мақұлдауды тапсырған. Нәтижесінде мамандар оң қорытынды жасап, өтініштерде көрсетілген ЖШС есепшотына бюджеттен 979 600 000 теңге аударылған.

- Сот шешімімен Владимир Гайламазян ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағымен (қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланудың ауыр зардаптарға әкеп соғуы) кінәлі деп танылды. Айыпталушы үш жарым жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығын жоғалтты. Ал ЖШС басшысы алаяқтық жасағаны үшін 5 жылға түрмеге қамалды, - делінген сот үкімінде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу