Шығыс Қазақстанда белгісіз жыртқыш қорадағы малды қырып кеткен

902

Жалпы шығын көлемі 30 бас болды. 

Шығыс Қазақстанда белгісіз жыртқыш қорадағы малды қырып кеткен Фото: Аудан әкімдігінен

Шығыс Қазақстандағы Самар ауданында белгісіз жыртқыш бір үйдің қорадағы 15 қойын қырып кетті. Сонымен қоса 15 тұяқты жаралаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Аудан әкімдігі малға шапқан жыртқыштың сілеусін болуы мүмкін деп болжап отыр.

Фото: Еділхан Сарбасов

Оқиға орнына бірден аудан әкімі Нұрлан Махамбетов пен ауылдық округ әкімі Арман Кеңесбеков, жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері барған.

Оқиға Бастаушы ауылдық округіне қарасты Көкжота ауылында болған.

– Белгісіз жыртқыш қораға есіктің түбін қазып кірген. Сілеусін (рысь) шығар деп отырмыз. Себебі, қасқыр болса қойларды жарып кетер еді, ал бұл жыртқыш тек қанын ішіп кеткен. Жаралы қойлар да бауыздалды. Барлығы ауылдың мал өлексесін көмуге арналған орынға көміледі. Себебі жыртқыштың сілекейінде түрлі қауіпті аурулар болуы ықтимал. Қазіргі кезде ауылдық округ әкімдігі келтірілген шығынды есептеуде, – дейді аудан әкімінің орынбасары Қайдар Сұрашев.

Фото: Еділхан Сарбасов

Ал мал иесі Еділхан Сарбасов қойларды қырған қасқырлар деп жорамалдап отыр. 

– Таңертең қораға кіріп келсем, іші қан-жоса. Малдарымының біразы жерде қырылып жатыр. Шошып кеттім. Аңшылар ізді көрді. Ауылға кірген және шыққан ізіне дейін тапты. Олар қасқырлар дейді. Шамасы 3 бас жыртқыш болуы керек. Ішіндегі біреуінің ізі үлкен, ал екенуінікі кішкене. Соған қарағанда балалары ғой деймін. Алғашында сілеусін деп ойлағанбыз. Бірақ аңшылар сілеусін бір мезетте бұлай қыра алмайды дейді. Бұндай жағдай ауылда бірінші рет болып тұр, – дейді Көкжота ауылының тұрғыны Еділхан Сарбасов.

Ауыл тұрғыны осыдан кейін балаларының қауіпсіздігінен де алаңдайтынын айтты.

Фото: Аудан әкімдігінен

– Балаларымыз кешке жай келеді. Алаңдайтын болдық. Қандай жыртқыш болса да, ауылға емін-еркін кіріп кетті. Ертең адамдарға шаппасына кім кепіл, – дейді Еділхан Сарбасов.

Айта кетейік, аңшылар жартқыштардың ізіне түскен. Бірақ із тоғайдың ішіне кірген. Бастаушы ауылдық округі әкімінің ақпараты бойынша жараланған малдарды сойып, өлген малдармен бірге арнайы орынға апарып, өртеп көмген. Ит-құстың малға шабуыл жасау оқиғаларының алдын алу үшін жергілікті аңшыларға және орман шаруашылығының инспекторына жыртқыштарды бақылауға алуға қатысты арнайы тапсырма берілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу