Шығыс Қазақстанда орналасқан ауылдың тұрғындары аурухананың жөнделуін сұрайды

1752

Салынғалы жөндеу көрмеген. 

Шығыс Қазақстанда орналасқан ауылдың тұрғындары аурухананың жөнделуін сұрайды Фото: Нәзипа Кешубаева

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылының тұрғындары ауылдағы аурухананың тозып тұрғанына наразы. Мәселені жергілікті халық талай көтерген. Бірақ әлі оң шешім таппай келеді.

Тұғыл ауылдық округінде 4700-ден астам жан саны бар. Құрамына Байтоғас ауылы да кіреді. Ол ауылдың адамдары да осы Тұғыл ауылының ауруханасына келеді.

Тұғыл ауылы Шекаралық аумақ болып саналады. Тұрғындар ауылдан елдің көшуін тоқтату үшін халыққа жағдай жасалуын тілейді.

"Ауруханамыз кезінде үлкен еді. Тіпті босанатын әйелдерді де осында босандырған. Басқа бөлімдері барлығы болған. Тоқырау жылдарында халық саны азайып, қысқарып қалды. Салынғалы күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Тозып тұр. Іші де суық. 4 мыңнан астам халыққа жалғыз дәрігер қызмет көрсетеді. Амбулаториялық пункт болып қалдық. Күндізгі бөлім ғана істейді. Түнгі бөлім істемейді. Түнде ауырсаң аудан орталығына апарады. Ол 60 шақырым. Болмаса Зайсан ауданына барамыз. Ол да 60 шақырым. Бұл бізге тиімсіз. Қалтамыз көтермейді", – дейді ауыл тұрғыны Нәзипа Кешубаева.

Аталған мәселе бойынша облыстық Денсаулық сақтау басқармасына хабарластық. Нысанның күрделі жөндеуден өтпегенін басқарма да растап отыр.

"2024 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланып, сметалық жобалық құжаты дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Жұмыстың   жалпы құны171млн 186 мың теңгені құрайды. Тұғыл дәрігерлік амбулаториясында бүгінгі күні 1 жалпы тәжірибелі дәрігер, 1 педиатр дәрігер қызмет етіп келеді. 1 бірлік жалпы тәжірибелі дәрігердің орны бос", – дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Басқарманың ақпаратына сүйенсек, маман тапшылығын шешу бойынша бірқатар жұмыстар істеліп жатқан көрінеді.

"Кадр тапшылығын азайту үшін аурухана дәрігерлерін қайта даярлау курсынан өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шығыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысынан интерндерді резидентурада мекеме  қаражатынан оқытуға рұқсат алынды. Семей қаласының мемлекеттік медициналық университетінің 2024 жылғы оқуын аяқтайтын 1 интернге жұмысқа орналастыру бойынша кепілдік хат берілді. Аураханада орта буын қызметкерлер саны - 24 адам", – дейді басқармасының баспасөз қызметі.

Ұсынылған ақпаратқа сүйенсек, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының 20.06.2019 жылғы №301 бұйрығы негізінде Тұғыл ауылдық ауруханасындағы 10 төсектік тәуліктік стационардың орнына (5 терапия, 5 балалар) 7 төсектік күндізгі стационар ашылған.

Десе де ауыл тұрғыны басқарма ұсынған ақпаратына келіспейтіндігін айтты. Оның сөзінше ауылдағы ауруханада бір дәрігер ғана қызмет көрсетіп келеді. Басқасын көрмегендерін айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу