Шығыс Қазақстанда сібір жарасынан өлген малдарды көмген орындар талапқа сай емес

233

Кей жерлерде қоршаулар мүлдем орнатылмаған.  

Шығыс Қазақстанда сібір жарасынан өлген малдарды көмген орындар талапқа сай емес Фото: Inbusiness.kz

Шығыс Қазақстан облысында сібір жарасынан өлген малдарды көметін  101 орын бар. Өкінішке қарай соның 95-сінде санитарлық-қорғау аймағын сақтау бойынша заң бұзушылықтар анықталды.

Бұл туралы ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлім етті.

Тексеру барысында облыс аумағындағы 101 сібір жарасынан өлген малдар көмілген орындардың 95-сінде санитарлық-қорғау аймағын сақтау бойынша бұзушылықтар анықталды.  Оның ішінде 19 көму орындары азаматтық-тұрғын үй құрылыстарына жақын орналасқан.

Жергілікті атқарушы органдар сібір жарасы көмілген мал қорымдарын санитарлық-қорғау аймағында орналасқан жер учаскелерін әртүрлі мақсаттарға берген. Атап айтсақ, учаскелердің көпшілігі ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін (жайылымдар, шабындықтар) берілген. Мысалы, Тарбағатай ауданында сібір жарасы көмілген жерден 250 метр қашықтықта тұрғын үй орналасқан. Сондай-ақ, Күршім ауданында сібір жарасы көмілген жерден 650 метр қашықтықта орта мектеп бар екенін атап өткен жөн, - делінген ақпаратта.

Бұл ретте, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес, сібір жарасы көмілген мал қорымдары қауіптіліктің I класты объектілеріне жатады, санитариялық-қорғау аймағы кемінде 1000 м болуы тиіс.

Сондай-ақ, Күршім ауданында 8 сібір жарасы көмілген жерлердің қоршаулары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің "Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларды бекіту туралы" 2015 жылғы 29 маусымдағы № 7-1/587 бұйрығының 30-1-тармағының бөлігіне, яғни "сібір жарасынан өлген жануарлардың өлігі көмілген жерлер биіктігі кемінде 1,5 метр, адамдар мен жануарлардың кіруіне жол бермейтін қоршаумен (металл немесе бетон) қоршалуы тиіс.  Сонымен қатар белгі түрінде – "сібір жарасы" (аурудың пайда болу күнімен) белгісі болуы тисі" деген талаптарға сәйкес келмейді.

Ал, Өскемен қаласындағы кейбір сібір жарасы көмілген жерлерде қоршаулар мүлдем орнатылмаған.

Осылайша, жергілікті атқарушы органдар тарапынан көму ережелерінің талаптарын өрескел бұзу және Шығыс Қазақстан облысының аумағында ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы тарапынан бақылаудың болмауы туралы қорытынды жасауға болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындысы бойынша Департамент уәкілетті мемлекеттік органдарға сібір жарасы көмілген жерлерде анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде ұсыныстар берді, - делінген ақпаратта.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу