Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті суда адамды құтқаруға көмектескен Серебрянск қаласындағы №4 орта мектептің мұғалімі мен оқушыларын марапаттады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ерлігі, азаматтық жауапкершілігі және бейжай қарамағаны үшін педагог Берік Нұрланбекұлы Тұрқанов пен оқушылар Нұртілек Айдынұлы Жамиев және Сабыр Берік Нұрғазы Алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Еске салсақ, 13 маусым күні Бұқтырма кентіндегі демалыс орындарының бірінде жас жігіт суға бата бастаған. Оқиғаға куә болған Серебрянск қаласындағы №4 орта мектептің оқушылары абдырап қалмай, ересектермен бірге бірден көмек көрсетуге кіріскен.
Жәбірленушіні құтқару кезінде мұғалім Берік Нұрланбекұлы Тұрқановтың еңбегі ерекше болды. Ол су көлігінің көмегімен зардап шегушіні жағаға жедел жеткізіп, алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
ШҚО ТЖД педагог пен оқушылардың батыл әрекеті жоғары бағалауға лайық екенін атап өтті. Ведомство олардың ісі өзара көмек, жауапкершілік және қиын жағдайға тап болған адамға қол ұшын созудың жарқын үлгісі екенін жеткізді.