Шығыс Қазақстан облысы Улан ауданында Шыбынды көлінің жағасында аялдаған швейцариялық туристер Кристиан Крузи мен Моника Дигельманның автодомы (MAN маркалы) кенеттен бұзылып қалған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға туралы "102" арнасына хабар түскеннен кейін полиция қызметкерлері бірден көмекке шықты. Улан аудандық полиция бөлімінің кезекші қызметкері, полиция майоры Қуаныш Шәкенов оқиға орнына учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Олжас Рамазановты жіберген.
Олжас Рамазанов жағдайды бағалап қана қоймай, жөндеу жұмыстарын ұйымдастырып, жергілікті шеберлерді тартып, автодомды қайта жолға шығаруға көмектесті.
Туристер көрсетілген жедел әрі жанашыр көмектері үшін алғыстарын білдірді.
– Біз полициядан барлық қажетті көмекті алғанымызға өте қуаныштымыз. Бұл бізге үлкен көмек болды. Үлкен рақмет, – деді швейцариялық саяхатшылар.
Полиция капитанының айтуынша, мұндай жағдайларда көмек көрсету – қызметтің қалыпты бөлігі. Оның сөзінше, кез келген полицей осындай сәтте адамдарға қолдау көрсетуге дайын.
– Осындай жағдайларда шетте қалмай, адамдарға көмектесу өте маңызды. Сонда олардың еліміз туралы тек жақсы әсерлері ғана қалады, – дейді полиция капитаны.