"Қазгидромед" РМК облыстық филиалының мәліметінше, өңірдің бірқатар ауданында қар қорының көлемі көпжылдық орташа көрсеткіштен жоғары, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Атап айтқанда, Зайсан ауданында қар қоры 129 мм-ді құрап, қалыпты мөлшерден екі еседен асқан. Ал Үлкен Нарын ауданында – 119 мм (норма – 74 мм), Тарбағатай ауданында – 54 мм (норма – 43 мм), Марқакөл ауданында – 221 мм (норма – 207 мм).
"Алтай, Самар, Шемонаиха, Катонқарағай, Глубокое, Күршім аудандары мен Риддер қаласында қар қоры көпжылдық нормадан да, өткен жылғы деңгейден де төмен. Мұз қабаты Тарбағатай ауданындағы Тұғыл ауылында 14 мм, Марқакөл ауданында 11 мм, Үлкен Нарын мен Шемонаиха аудандарында 0,4 мм-ден тіркелген", – делінген ақпаратта.
Топырақтың қату тереңдігі 15 см-ден 86 см-ге дейін жетеді. Ең жоғары көрсеткіш Үлкен Нарын ауданында – 86 см.
"Гидрологиялық жағдай тұрақты. Барлық гидробекеттерде су деңгейі қауіпті межеден төмен. Өңірдегі өзендердің басым бөлігінде мұз әлсіреп, кейбірінде мұз сөгіле бастаған. Бұқтырма су қоймасындағы мұздың қалыңдығы 49 см-ден 81 см-ге дейін жетеді", – делінген хабарламада.