"Шығыс" сауда үйінің кәсіпкерлері наразылыққа шықты

735

Қарағандыда "Шығыс" сауда үйінің сатушылары жалға алу құнының шарықтап кеткенін мәлімдеді.  

"Шығыс" сауда үйінің  кәсіпкерлері наразылыққа шықты

Қарағанды қаласындағы "Шығыс" сауда үйінің  сатушылары "шыдамның соңғы шегіне жеттік" деп наразылыққа шықты. "Шығыс" базарының алдына жиналған отыз шақты кәсіпкер шағымын білдірді. Олардың айтуынша, сауда үйінің басшылығы жалға беру құнын шамамен он бес пайызға көтеріп жіберген.

"Кейбір сатушылар бұрын айына жалға алу құнына 230 мың теңге төлесе, енді 280 мың теңге төлеуі қажет. Пәтердің коммуналдық қызмет ақысы қымбаттап кетті. Базарға басқа жұмысы жоқтар келіп күн көріп жүрміз. Енді күніміз не болады? Мемлекет ірі кәсіпкерлерге карантин кезінде салық төлетпей көмектесіп жатыр, ал бұлар бізді қысып жатыр", – дейді "Шығыс" базарындағы сауда орынын жалға алушы Дария есімді қарағандылық.

Сауда орнын  жалға алушылар қазан айында ғимаратты толық жылытпай, жағдайларының болмағанын айтып шағымданады.

Ал "Шығыс" сауда үйінің  басшылығы болса, коммуналдық қызмет ақысы мен ғимаратты жылыту үшін қолданатын дизельдік отынның қымбаттауына байланысты жалға алу құнын он екі пайызға көтеруге шешім қабылдағандарын айтады. Сонымен қатар сауда үйінің қожайыны карантин кезінде санитарлық талапты сақтау үшін сатып алатын ұсақ-түйек заттардың салдарынан шаш етектен шығынға баттық деп отыр.

"Мұнда сауда жасайтындардың "саудамыз жүрмей, шығынымыз бар" дегендері шындыққа жанаспайды. Біз Алматыдан тауарлардың мұнда көп келетінін білеміз. Біздің шығынымыз көбейді, коммуналдық ақы шарықтап кетті, оның үстіне санитарлық талап үшін көп көлемде заттар сатып аламыз. Сондықтан бағаны көтеруді дұрыс шешім деп отырмыз",  – деп мәлімдеді журналистерге сұхбат берген  "Шығыс" сауда үйінің директоры Юрий Коростелев.  

Алайда бұл сұхбаттан кейін "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы жалға алу құнының көтертпейтіні жөнінде ақпарат таратты. Жалға алушылардың наразылығынан кейін сауда үйінің басшылығы сатушылармен кездесіп, жалға алу құнын өсірмейтіні жөнінде шешім қабылдағандарын жеткізіпті. Әзірге екі тарап келісімге келгендей тарқасты.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу