Шығыстағы туризм саласында шешілмеген мәселе көп

465

Өлкеде инфроқұрылым жағы әлі ақсап тұр.

Шығыстағы туризм саласында шешілмеген мәселе көп

Еліміздің шығысыдағы елдің әлеуетін туризм саласын дамыту арқылы-ақ арттыруға болады. Ол үшін тұмса табиғатқа толы Катонқарағай, Марқакөл, Алтай секілді өңірлерге баратын туристерге жағдай жасалуы шарт. Жергілікті жердегі кәсіпкерлерге қолдау көрсету де өте өзекті. Әрине бұған дейін атқарылған жұмыс аз емес.

Десе де осы өлкеде инфроқұрылым жағы әлі ақсап тұр. Бүгінгі президент жолдауында айтылған сөз үкіметтен үміт күткен сол жандардың көкейіндегі үміт отын қайта жаққандай болды.

Облыс орталығы Өскеменді қоса санағанда Шығыс Қазақстанның әр ауданы туристік мекен болып есептеледі. Қай жеріне барсаңыз да тамаша табиғаты таңдай қақтырмай қоймайды. Мұнда келушілердің көбі әсіресе, Катонқарағайға жиі барады. Демалу үшін ғана емес, ем алу үшін де. Бұғы мүйізінің сорпасына түсіп, денсаулыққа қажетті түрлі емдік шараларды жасатады. Осы кезде мұндағы кәсіпкерлердің жұмысы қыза түседі. Жаздың бірнеше айында ғана осылай қызмет көрсететін кәсіп иелерінің ендігі ойы бастаған ісін күзде тоқтатпай, жыл бойы жалғастыру.

"Біз 12 ай бойы туристерді қабылдағымыз келеді. Ондай жағдайда табысымыз артып, жергілікті жердегі халықты жұмыспен қамту мәселесі де шешілер еді. Үкімет арнайы субсидия беріп, нақты жоспар жасап көмектессе мұндағы кез-келген қарапайым адам кәсіп бастап кететіні сөзсіз. Өйткені қазіргі кейбір жобаларға қатысу тұрғындар ғана емес, жұмысын жолға қойған біздер үшін тиімсіз. Сондықтан бұл салаға айырықша мән берілу қажет", - деді Туристік компания директоры Зарина Мәстекбаева.

Таулы Алтайда күз, көктем, қыс айларында да туристерді қабылдауға мүмкіндік мол. Сондықтан бизнестің бұл саласын жанына серік еткендер жылдың төрт мезгілі жұмыс істейтіндей жағдай жасалғанын қалайды.

"Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді", - дейді Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің бүгінгі жолдауынан кейін шығыстағы шаруалардың көңіліне сенім ұялады. Үміт оты жанды. Тек енді жергілікті жердегі басшылар берілген тапсырмаларды тыңғылықты орындаса болғаны.

"Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының өз аузынан естіп жатырмыз. Өте қуаныштымыз. Бәріміз қуанып жатырмыз. Енді сол сіз айтқандай қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты шаралар мен нақты қадамдармен іске асырылса нұр үстіне нұр болар еді", - деді Катонқарағай ауданының тұрғыны Жандос Ахмадиев.

Шекарадағы халықтың тағы бір арманы бұрынғы аудан мәртебесін жоғалтқан елдімекендер қайта қалпына келтірілуі. Елдің бұл өтінішін де ел президенті бұған дейін ескерген еді.

"Біздің енді район келсе халық болады. Жастар қалаға көшпейді. Қайтадан мына Катонқарағайымыз өркендейді. Туризм болады. Сауда-саттығымыз жүреді", - деді Катонқарағай ауданының тұрғыны Алмаш Нұғыманова.

Майқан балығы  Марқакөлдің мақтанышы. Халықтың табыс көзі. Балығы таудай тулаған көлге келушілер де көп. Алайда онсыз да жолы қиыр жерге жету қиын. Жолаушылардың бәрі жасалып жатқан жолдың уақытында бітпей, созылып кеткеніне қынжылады.  

"Әлі күнге дейін бітпепті. Енді осы жолы үмітпен келе жатқан едік. Жол бітіп, жақсы шығар деп. Әлі сол қалпы екен. Негізі жолды жөндеп, бәріне сондай жағдай жасаса. Қайткенменен Шығыс Қазақстан енді екінші Шведцария дегендей қаншама адам келгісі келеді. Көргісі келеді", - дейді Астана қаласының тұрғыны Әмина Асқарқызы.

Ал Өскеменге небәрі 100 шақырым жердегі Бұқтырманың келбеті мынау. Алакөлге ақша бөлінгендей, бұл жаққа да қаржы қарастырылған  деп еді бұған дейін, шығысты басқарған бұрынғы әкім Даниал Ахметов. Алайда ондай өзгерісті ешкім әлі көре қоймады. Тіпті көл жағасындағы қоқысты шығарудың өзі мұңға айналған. Ал жағажайдағы Бұқтырма кентінің өзі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағыдай кейіпте.

Облыстағы бұл салаға жауаптылар жыл соңына дейін туризмді дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеп жатқандарын айтты. Сөздеріне сенсек, ол құжатта әсіресе ауылды жерлерде эко-туризмді дамытуға басымдық беріліпті. Осы арқылы кәсіпкерлер мен келушілердің жағдайын жақсартпақ ниетте.

"Жаңа тұжырымдамада әр ауданның әлеуеті қарастырылатын болады. Яғни бұл аудандарда жаңа туристік тартымды жерлермен ауылдық жердерде туризмді дамыту қарастырлатын болады. Сол жерлерге минималды инфроқұрлым жіне жұмсақ инфраструктура жасалатын болады", - дейді ШҚО Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Марат Қабақов.

Жалпы шығыстағы туризм саласына 2020-2022 жылдары 26 млрд теңге инвестиция тартылған. 2020 жылы  233 335 адам келіп демалса, 2021 жылы  290 132 турист келіп кеткен. Былтыр  342 490 адам демалған. Осы саладан 2021-2022 жылдары 8 млрд теңге табыс түскен. Ал биыл қанша адам келіп демалғаны тек желтоқсан айында белгілі болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу