Шымкент әкімі: Мен өз әріптестеріммен бірдей жалақы аламын

954

БАҚ өкілдері Мұрат Әйтеновтің отбасы азық-түлікке ай сайын қанша қаражат жұмсайтынын сұрады.

Шымкент әкімі: Мен өз әріптестеріммен бірдей жалақы аламын

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов журналистердің соңғы кезде "сәнге" айналған жалақы туралы сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бұл ретте шаһар басшысы нақты соманы айтпай, әріптестерімен бірдей сома алатынын жеткізді. 

"Мен өз әріптестеріммен бірдей жалақы аламын, барлық әріптестерім де бірдей алады. Бұл Үкімет қаулысымен бекітілген. Сіз менің жалақымның қанша екенін жақсы білесіз деп ойлаймын. Бұл өте жауапты жұмыс және өте ауыр жұмыс", – деді Шымкент қаласының әкімі.

Сондай-ақ журналистер Мұрат Әйтеновтің отбасы азық-түлікке ай сайын қанша ақша бөлетінін де сұрауды жөн көрді.

"Әйелім екеуміздің міндеттеріміз ортақ. Үйге қатыстының барлығын өзі шешеді. Сол үшін мен оған ризамын. Ал мен өз жұмысымды істеп жүрмін", – деді Мұрат Айтенов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ай сайын 1 млн 800 мың теңге жалақы алатынын мәлімдеген еді. Кейін есептік кездесулердің бірінде Түркістан облысының әкіміне де осы сауал қойылды. Жалақысының көлемі 1 млн 9 мың теңге екенін жеткізген Өмірзақ Шөкеев, айлықты өзі тағайындамағанын атап өтті.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу