Шабуыл жасалған Руслан Берденовтің жағдайына қатысты дәрігерлер де пікір білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Шымкент әкімінің орынбасары шұғыл оқ жарақатымен қалалық ауруханаға жеткізіліп, оған жедел ота жасалған. Алғашында оның жағдайы аса ауыр деп бағаланған еді, деп хабарлайды қалалық Денсаулық сақтау басқармасы.
Операция барысында қан кету тоқтатылған, жарақаттанудан болған зақым да қалпына келтірілген.
Отадан кейінгі диагнозы – оң жақ кеуде қуысына енген, бытыралы оқ жарақаты. Оң жақ өкпенің төменгі бөлігінің, қабырға аралық артериялардың және көк еттің көптеген жарақаты анықталған. Оң жақ – гемопневмоторакс.
Сонымен қатар, іш қуысына енген көптеген жарақат тіркелген. Онда бауырдың зақымдануы, ішкі қан кету, оң жақ бүйрекке, иық пен білекке тиген бытыралар, сыртқы қан кету байқалады. Плевра-өкпе және геморрагиялық шок та бар.
Қазір пациенттің жағдайы "тұрақты ауыр" деп бағаланады. Ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында және қажетті барлық медициналық көмек көрсетілуде.
Бұған дейін Руслан Берденовке жасалған шабуыл туралы түрлі жалған ақпарат тарап жатқанын жазған едік.