Жұмыс сапары аясында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Шымкент әуежайына барып, жаңа ұшу-қону жолағының құрылысы басталған нысанды аралады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сапар барысында жобаны іске асыру мерзімдерінің сақталуы, құрылыс жұмыстарының сапасы және жобаға қатысушылардың үйлесімді жұмысы ерекше назарға алынды.
Жоба жаңа ұшу-қону жолағын салумен қатар, қажетті инфрақұрылымды дамытуды да қамтиды. Атап айтқанда, рулеждік жолдар, ИКАО-ның III санаттағы жарық-сигналдық жабдықтары, авариялық-құтқару қызметтері, инженерлік желілер және периметрлік қоршау қарастырылған.
Аталған жобаны іске асыру нәтижесінде әуежайда екі ұшу-қону жолағы жұмыс істейтін болады. Бұл рейстер санын едәуір арттыруға, халықаралық бағыттар желісін кеңейтуге және күрделі ауа райы жағдайларында әуежайдың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бұл барлық үлгідегі ірі жүк әуе кемелерін қабылдауға жағдай жасап, Шымкентті карго-хаб ретінде дамытуға жол ашады.