Шымкент әуежайындағы жаңа терминал қазанда пайдалануға беріледі

1084

Үкімет басшысы жұмыс сапары аясында Шымкент пен Түркістандағы көлік, тұрғын үй және әлеуметтік-мәдени инфрақұрылым объектілерінің құрылысы, әрі су-энергетикалық жобалардың қалай жүзеге асып жатқанын тексерді.

Шымкент әуежайындағы жаңа терминал қазанда пайдалануға беріледі

Премьер-министр Асқар Мамин Түркістан мен Шымкенттегі жобаларды тексерді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Шымкентте Асқар Маминге сағатына 2000 жолаушыны қабылдай алатын халықаралық әуежайдағы жаңа жолаушылар терминалының құрылысы туралы баяндалды. Оны биыл қазан айында іске қосу көзделіп отыр.

Сонымен қатар, премьер-министр биыл пайдалануға беру жоспарланған Дінмұхамед Қонаев даңғылы мен Тұрар Рысқұлов көшесінің қиылысындағы көлік жолайырығының құрылысын да тексерді.  

Премьер-Министр "Шымкент Сити" шағын ауданының құрылыс барысымен танысты.

"Онда инвесторлар "Шымкент" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, 199 миллиард теңгеге тұрғын үй құрылысы (532 мың шаршы метр тұрғын үй) және білім беру (3800 орындық 2 мектеп) салаларындағы 9 жобаны іске асырады", - деп жазылды хабарламада.

Сондай-ақ 2021-2025 жылдары Шымкентте 1,36 триллион теңгеге 123 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылды. Осы уақыт аралығында 11 500 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

"2021 жылы Шымкентте 129,2 миллиард теңгеге 61 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Осылайша, 2 300 жұмыс орны ашылмақ", - деп жазылды хабарламада.

Премьер-министр Түркістан облысындағы суармалы су тапшылығын жою және суармалы жерлердің тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыстардың барысымен танысты.

"Үкімет басшысы Түркістан магистралдық арнасын күрделі жөндеу және оны Сырдария өзенінен толтыру үшін машина арнасын салу, "Кеңсай – Қосқорған-2" су қоймасын салу, Жетікөл көл жүйесін қайта жөндеу жобалары қалай жүзеге асып жатқанын тексерді.

Жобаларды іске асыру су пайдаланудың жыл сайынғы көлемін 195,4 миллион текше метрге арттыруға және аграрлық-өнеркәсіптік кешен (АӨК) өндіретін өнім көлемін 14 миллирд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді", - деп жазылды хабарламада.

Сонымен қатар Асқар Мамин Түркістандағы әуежай аумағының абаттандырылуы, тұрғын үй инфрақұрылымының құрылысы және қаланың іскерлік орталығы, "Керуен-сарай" көпфункционалды туристік кешені, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана, Тұңғыш президент саябағы, "Ұлы дала елі" орталығы және Бекзат Саттарханов даңғылындағы желілік саябақтың қалай салынып жатқанын тексерді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу